«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда кәсіпкерлердің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелеріне арналған конференция өтті

2025 жылғы 14 Қараша
- Атырау облысы
369 просмотров

Атырау облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы, Этика кеңесінің төрағасы Нұрлан Еркебаевтың төрағалығымен өткен құқықтық ақпараттық конференция сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелеріне және кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға арналды.

Іс-шараның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды кеңінен насихаттау, кәсіпкерлік ортадағы проблемалық мәселелерді талқылау, сондай-ақ бизнес өкілдерін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға бағытталған бірлескен жұмысқа тарту болды. Конференцияға Атырау қаласынан, аудан және ауылдық округтерден келген кәсіпкерлер, сондай-ақ корпоративтік сектор өкілдері қатысты.

Негізгі спикерлердің бірі – өңірлік Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев болды. Ол бизнеске көрсетілетін қолдау шаралары туралы айтып, жоспарлы тексерістер саны азайғанымен, жоспардан тыс тексерістердің артып отырғанын, бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге қосымша ауыртпалық түсіретінін атап өтті.

«Жоспарлы тексерістер саны азайғанымен, жоспардан тыс тексерістер көбейді. Бұл бизнестің дамуына теріс әсер етеді. Біз бұл бағытта бақылаушы және қадағалаушы органдармен тығыз жұмыс істеп келеміз. Осы ретте «Бизнеске жол» бағдарламасын ерекше атап өткім келеді, оның аясындағы жұмыс бекітілген алгоритмге сәйкес жүргізілуде. Бизнес құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында алдағы уақытта да нәтижелі ынтымақтастық жалғасады деп сенеміз», — деп атап өтті ол.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Перизат Танатова қатысушыларды бизнес жүргізуге қатысты өзекті мәселелер, сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік қолдау бағдарламалары жөнінде хабардар етті.

Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің бөлім басшысы Бауыржан Жайлыбаев экономикалық қылмыстардың алдын алу шаралары туралы баяндама жасады.

Пленарлық бөлік барысында мамандар кәсіпкерлерге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы заң нормаларын түсіндіріп, бақылаушы органдар тарапынан ең жиі кездесетін заңсыз әрекеттерді атап өтті: заңды қызметке кедергі келтіру, компания құқықтарын шектеу, тексеру тәртібін бұзу, лицензия беруден негізсіз бас тарту, заңсыз қызметті тоқтату немесе банктік шоттарды бұғаттау, сондай-ақ кәсіпкерлерді мәжбүрлеу жағдайлары.

Қатысушылар мұндай бұзушылықтардың салдары және олармен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талқылап, кейін бизнеске құқықтық қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді.

Іс-шара кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және өңірде тұрақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ортаны қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174