«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда кәсіпкерлерге тыйым салынған шай түрлерін сатқаны үшін жауапкершілік бар екені ескертілді

2026 жылғы 15 Қаңтар
- Атырау облысы
1440 просмотров

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары мен қаладағы супермаркет өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Жиын барысында бизнес өкілдеріне санитариялық заңнама талаптары түсіндіріліп, тыйым салынған өнімді әкелу және сату үшін жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 5 қаңтардағы қаулысымен санитариялық заңнама талаптары мен Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін шайды әкелуге және сатуға уақытша санитариялық шаралар енгізілген.

Бақылау мақсатындағы сатып алулар мен санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижесінде кейбір қара шай түрлерінің құрамында қолдануға тыйым салынған тағамдық бояғыштар бар екені анықталған. Осыған байланысты тыйым салынған шай өнімдерінің тізіміне 10 атау енгізілді.

«Барлық супермаркеттерге тиісті хаттар жолданды. Осы кездесудің мақсаты – түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, туындаған сұрақтарға жауап беру. Әкелуге және сатуға тыйым салынған қара шай түрлері мыналар: "Апамның шәйі Premium gold", "Al-Hayat Gold", "БАЛҚИЯ Premium gold", "Pakistan tea", "Alfarah", "Aje Onim", "Орда Кения", "Аль-Кайрат шәйі Premium gold", "Al-Jannat Premium", "Sultan Suleyman". Бұл өнімдер Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы негізінде жеткізушілерге қайтарылуы тиіс және сауда сөрелерінде болмауы керек. Аталған талаптар сақталмаған жағдайда жоспарлы тексерулер барысында өнімдер тәркіленіп, кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылатын болады», — деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы Гүлнар Сүлейменова.

Сондай-ақ мемлекеттік орган өкілдері мемлекеттік тіркеуге және санитариялық бақылауға жататын тауарларды жарнамалау қағидаларымен таныстырды.

Кездесу барысында «Nestlé» компаниясының 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы аумағында балалар тағамының шектеулі көлемін өз еркімен кері қайтарып алу шараларын бастағаны да хабарланды. Бұл шешім сыртқы жеткізушіден алынған шикізатта церелулид токсинінің болуы мүмкін деген қауіптің анықталуына байланысты қабылданған. 

Қатысушыларға қайтарылып жатқан балалар тағамы өнімдерінің атаулары мен партиялары көрсетілген ақпараттық брошюралар таратылып, сондай-ақ аталған өнімді қайтару тәртібі түсіндірілді.



Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174