«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП зертханаларға қойылатын артық талаптар мен әкімшілік кедергілерді жоюды ұсынды

2025 жылғы 13 Қараша
882 просмотров

Отандық өндірушілерді ЕАЭО нарығында қорғауға арналған толыққанды зертханалық базаны құрудағы басты кедергілер аталды.

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы алаңында Қазақстан Республикасының зертханалық қызметін жетілдіруге арналған конференция өтті.

Іс-шараға Қазақстан мен шетелдің жетекші сарапшылары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, ДДСҰ Еуропалық бюросының, мемлекеттік құрылымдар, Ұлттық палата және ұлттық ғылыми орталықтар өкілдері қатысты.

ЕАЭО аясында сәйкес келмейтін өнімдер реестрін енгізу және ұйымға мүше басқа мемлекеттің мемлекеттік бақылау нәтижелеріне шағымдану институты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты Ұлттық сынақ базасымен қамтамасыз ету мәселесі одан сайын өзекті болып отыр. Қазақстандық өнімнің аталмыш реестрге түспеуі үшін сынақ нәтижелері Қазақстандағы зертханаларда жүргізілуі қажет. Бұл туралы Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Атамекен» ҰКП Техникалық реттеу департаментінің басқарушы директоры Ерік Жалманбетов айтты.

Оның айтуынша, дамыған зертханалық база — ішкі нарықты қорғаудың негізгі құралдарының бірі.

Дегенмен, Ерік Жалманбетовтың пікірінше, бүгінде зертханалық базаның дамуына бірнеше кедергілер әсер етіп отыр:

Біріншіден, елеулі қаржылық ауыртпалық. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізіліміне (ҚР ӨМЖ) өлшем құралдарын енгізу процедурасының құны өте жоғары. Бұл ретте бір құралдың түрін бекіту аясындағы сынақ жұмысының құны 2 млн теңгеден асуы мүмкін, ал метрологиялық аттестация шамамен 500 мың теңге тұрады.

Екіншіден, өлшеу әдістемелерінің жоқтығы. Белгілі техникалық регламенттер бойынша кей көрсеткіштерді өлшеу әдістемелері жоқ немесе олардың аттестациясы мен ҚР ӨМЖ тізіліміне тіркеу қиындық тудырады.

Үшіншіден, техникалық ақаулар. «е-ТРМК» ақпараттық жүйесінің жұмысына қатысты бірқатар мәселе бар. Техникалық тұрғыда дайын болмағанына қарамастан, жүйе іске қосылған және ол бойынша әлі де кемшіліктер бар.

Төртіншіден, мүдделер қақтығысы және кадр тапшылығы. Зертхана басшысында сарапшы-аудитор мәртебесінің болуы туралы талап дұрыс емес. Депутаттар тарапынан ұсынылған бұл талап артық әрі кадр тапшылығын туғызады және мүдделер қақтығысына әкелуі мүмкін, себебі бұл ретте басшы өз қызметін өзі бағалауға тиіс болады.

Бесіншіден, «Қатаң» өкілеттіліктерді қалпына келтіру. Аккредиттеу органына аккредитация субъектісіне немесе өтініш берушіге хабарламастан мекемеге бару құзыретін беру бастамасы. Мекемелерге қолжетімділік қамтамасыз етілмесе, келісімшарт тоқтатылады, яғни субъектінің қызметі уақытша тоқтатылады.

«Бұл тәжірибе бұрын алынып тасталған, өйткені ол қосымша әкімшілік жүктеме туғызып, даулы жағдайларға әкелуі мүмкін. Мысалы, онда қызметкерлер жоқ болса немесе жөндеу жүріп жатқан жағдайда», — деп түйіндеді Ерік Жалманбетов.

Аталған мәселелерді шешу үшін «Атамекен» ҰКП мемлекеттік органдарға «е-ТРМК» жүйесін жетілдіруді, өлшеу құралдарын енгізу процедурасының құнын төмендетуді, зертхана басшыларына артық талаптарды енгізбеуді, хабарламасыз бару тәжірибесін қалпына келтірмеуді және ӨОӘ тіркеу рәсімін жеңілдетуді ұсынады.

Сонымен қатар, Ұлттық палата зертханалық базаны жаңарту үшін қолжетімді несие беруге және салықтық жеңілдіктер енгізуге кеңес береді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174