«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада «Бір ауыл – бір өнім» республикалық көрмесінің ашылуы өтті

2025 жылғы 12 Қараша
613 просмотров

Астанада «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасы бойынша республикалық көрменің ресми ашылу салатанаты өтті. Бұл бастама ауылдық жерлердегі шағын және микробизнеске қолдау көрсетуге және оны дамытуға бағытталған.

Жоба Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ұлттық экономика министрлігінің бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр.

Биыл көрмеге Қазақстанның 20 өңірінен 50 отандық өндіруші қатысып отыр. Көрме стендтерінде табиғи азық-түлік өнімдері, қолөнер бұйымдары, тоқыма өнімдері, косметика және ауыл шаруашылығы үшін инновациялық бастамалар көрсетілді.

Салтанатты ашылу рәсімінде Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев құттықтау сөз сөйлеп, өңірлердің тұрақты дамуы үшін жобаның маңыздылығын атап өтті:

«Бүгін «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жыл сайынғы республикалық көрмесінің ашылу салтанатында сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын! «Бір ауыл – бір өнім» жобасының негізгі мақсаты – жергілікті ресурстардан бірегей өнімдер шығарып, оларды ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілету. Финалистердің іріктелген өнімдері тауар белгілерін, сапа стандарттарын, сертификаттауды әзірлеу, өткізу нарықтарын іздеу бойынша сүйемелдеуден өтеді. Бұл жобаны жүзеге асырудағы бірлескен күш-жігеріміз маңызды нәтижелерге қол жеткізуге және өңірлеріміздің өркендеуіне өз үлесін тигізетініне сенімдімін. Көрмеге қатысушыларға жемісті жұмыс тілеймін!» – деді Ерлан Сағынаев.

Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова финалистер мен жоба қатысушыларын құттықтап, қазақстандық өнімнің сапасы мен әлеуетінің өсу қарқынын атап өтті.

«Атамекен» үшін БАБӨ жобасы – тек конкурс немесе көрме емес, шынайы кәсіпкерлік мектебі. Біз жыл сайын өнім сапасының өсіп, тауар ассортиментінің кеңейіп, орам мен маркетинг деңгейінің көтеріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Әр бренд еңбек, білім және өз ісіне деген махаббат арқылы жасалады. Біздің міндетіміз – осы кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға көмектесу және оларды ұлттық экономиканың тұрақты ойыншыларына айналдыру. Финалистер мен көрмеге қаттысушыларды шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге әрі қарайғы табыс, өркендеу және кірістердің тұрақты өсімін тілеймін. Еңбектеріңіз тек мойындауға ғана емес, сонымен қатар тұрақты экономикалық нәтижеге әкелсін», – деді Гүлнар Бижанова.

Жапон тарапының үлесі туралы Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) өкілі Макико Уэхара айтып берді. Ол жобаның айтарлықтай нәтижелерін атап өтті: жаңа брендтер пайда болып, экспорттық әлеует өсіп жатыр, ал өңір тұрғындары өзін-өзі қалыптастыру және тұрақты даму үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болып отыр.

Көрме қала тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды. Олар өнімдердің дәмін татып, ұнатқанын сатып та алды, сондай-ақ өндірушілермен жеке әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды.

«Маған көрме атмосферасы өте ұнады – өте қызық, табиғи және нағыз қазақстандық өнімдер! Өндірушілер бәрін жүрегімен және асқан шеберлікпен жасайтыны көрініп тұр. Кейбір тауарларды бірінші рет көрдім, оның бәрі біздің өңірлерде жасалатынын білгеніме қуаныштымын. Мұндай өнімдер ел бойынша дүкен сөрелерінде жиі көрінсе деймін», – деді көрмеге арнайы келген қала тұрғыны.

Айта кетсек, көрменің ашылу салтанаты мен ондағы негізгі оқиғалар TikTok платформасында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл астаналық тұрғындарға және бүкіл ел бойынша қолданушыларға финалистердің өнімдерімен танысуға, тауарларды жақынырақ көруге және өңірлердің бірегей брендтері жайында ақпарат алуға мүмкіндік берді. Онлайн-трансляция қазақстандық жергілікті өнімдерді ілгерілету, жобаның аудиториясын кеңейту және бастаманың танымалдығын арттыру үшін қосымша мүмкіндік болды.

Жоба туралы

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қазақстанда 2023 жылдан бері Жапон тарапының қолдауымен ауқымды түрде жүзеге асырылып жатыр. Жоба ауылдық өндірушілердің өз брендтерін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірлердің экономикасын нығайтуға көмектесті.

Бүгінде БАБӨ – тәжірибе алмасу, оқыту, жергілікті өнімді ілгерілету және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту платформасы. Жоба өңірлік брендтердің дамуына және ауылдық аумақтардың әлеуетін нығайтуға үлес қосып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174