Өңір құрылыс саласы өкілдері Қазақстан құрылысшылар одағымен саланың өзекті мәселелерін талқылады.
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан құрылысшылар одағы президиумының төрағасы Талғат Ерғалиевтің қатысуымен кездесу өтті.
Кеңес жұмысына құрылыс саласында еңбек етіп жүрген жергілікті бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өңірдің құрылыс саласына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Негізгі талқыланған тақырыптардың қатарында логистикадағы қиындықтар, құрылыс материалдары бағасының өсуі, тендерлерге қатысу барысындағы түйткілдер, сондай-ақ қосылған құн салығының (ҚҚС) 16%-ға дейін көтерілуіне байланысты алаңдаушылық мәселесі болды.
Қатысушылар көтерілген мәселелердің шешу жолдарын талқылап, нарықтағы жағдайды тұрақтандыру бойынша пікірлер мен ұсыныстар алмасты.
Қазақстан құрылысшылар одағы президиумының төрағасы Талғат Ерғалиев Одақтың басты міндеті – еліміздің барлық өңірлеріндегі құрылыс саласының қатысушыларын біріктіру, саладағы өзекті мәселелерді анықтап, оларды салалық министрліктерге жеткізу және тиімді шешімдер табуға ықпал ету екенін атап өтті.
> «Біздің миссиямыз – құрылысшылар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы көпір болу. Тек бірлесе әрекет еткенде ғана құрылыс саласының тұрақты дамуына қол жеткізіп, нарықтағы барлық қатысушылар үшін ашық әрі тең жағдай жасай аламыз», — деді Талғат Файзуллаұлы Ерғалиев.
Кездесу соңында Ұлытау облысы бойынша Қазақстан құрылысшылар одағының директоры сайланды. Қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімімен бұл лауазымға «Самға» ЖШС директорының орынбасары Қанат Өмірзақұлы Күлманов тағайындалды.
Кездесу конструктивті жағдайда өтіп, қатысушылар құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында өзара ынтымақтастық пен тұрақты диалог орнатуға дайын екендіктерін білдірді.
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)


Пікір қалдыру:
Пікірлер: