«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Күмәнді «үнемдеу» қазақстандық дәрі өндірісін қауіпке тігуде

2025 жылғы 19 Қыркүйек
875 просмотров

2025 жылғы 19 қыркүйекте «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында фармацевтика саласындағы отандық инвесторлардың мүдделерін қорғау мәселесі қаралды. Кеңеске Қайырбек Сүлейменов төрағалық етті.

Қатысушылар стратегиялық маңызды фармацевтика өнеркәсібіне қауіп төндіретін шешімдерді жедел қайта қарау қажеттігін атап өтті. Мемлекет ұлттық өндірісті дамыту мен өмірлік маңызы бар дәрілерді жергіліктендіруді басты міндет етіп қойғанына қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар шаралары елдегі ірі инновациялық алаңдардың бірі – Қарағанды фармацевтикалық кешенінің (ҚФК) тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін.

2005–2012 жылдары толықтай жаңадан салынған ҚФК иммунобиологиялық және биофармацевтикалық деңгейдегі препараттар шығаратын бірегей өндірістік хабқа айналды. 100 млн АҚШ долларынан астам инвестиция және білікті мамандардың көпжылдық еңбегі арқасында кешен онкологиялық сырқаттарға арналған маңызды дәрілерді, соның ішінде Бевацизумабты, бес жылдан астам уақыт бойы ішкі нарыққа тұрақты жеткізіп келеді.

Алайда министрлік 2026 жылға арналған жоспарға бұл препаратты БҰҰ Даму бағдарламасы ((БҰҰДБ) арқылы халықаралық сатып алу тізіміне енгізді. «Бюджетті үнемдеу» деген уәжбен қабылданған бұл шешім іс жүзінде өндірістің тоқтауына алып келуі ықтимал: ҚФК 2026 жылға 23% жеңілдік ұсынып, елдің қажеттілігінің 30%-ын қамтамасыз етуге дайын болса да, импортқа басымдық берілген. Мұның салдары – өндірістің тоқтауы, жұмыс орындарының қысқаруы, 2,3 млрд теңге шығын және 800 млн теңге көлемінде салықтың түспеуі мүмкін.

Кеңес мұндай тәжірибе жүйелік тәуекелдерге жол ашатынын ескертті: 100% валюталық алдын ала төлем, валюта бағамының ауытқуына тәуелділік, жеткізілімді бұзғаны үшін санкциялардың болмауы және күмәнді баламалардың пайда болуы – мұның бәрі науқастарды емдеуде үзілістерге және денсаулық сақтау жүйесіне сенімнің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Қазақстанда шығарылатын дәрілерді халықаралық ұйымдар арқылы сатып алу «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне, мемлекеттік фармстратегияға және елдерді сыртқы жеткізілімге тәуелділіктен арылтуға бағытталған БҰҰ миссиясына қайшы келеді. Ұлттық өндірушіні қолдау – бұл тек экономика мәселесі емес, елдің дәрілік қауіпсіздігіне салынған инвестиция екенін қатысушылар айрықша атап өтті. Мемлекет басшысының қолайлы инвестициялық ахуал құру және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмаларымен де мұндай шешім үйлеспейді.

Талқылау қорытындысы бойынша Кеңес келесі ұсынымдарды қабылдады:

  • Денсаулық сақтау министрлігіне – 2026 жылға арналған халықаралық сатып алу тізімінен Бевацизумабты алып тастау, препараттарды енгізу өлшемдерін айқындауда ашықтықты қамтамасыз ету және ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау жөнінде айтылды.
  • Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне – дәрі-дәрмек мемлекеттік сатып алуларына антикоррупциялық мониторинг жүргізу.
  • «KAZAKH INVEST» АҚ-на – отандық өндірушілер үшін өткізу нарықтарын сақтауға құқықтық кепілдіктер енгізу мүмкіндігін қарастыру.
  • Бас прокуратураға – бұл препараттың халықаралық тізімге заңдылықпен енгізілуін тексеру.

Кеңес отандық инвесторлардың мүддесін қорғау мен жергілікті өндірісті дамыту – елдің экономикалық саясатының басты басымдығы екенін атап өтті. Отырыс материалдары Президент Әкімшілігіне және Үкімет Аппаратына жолданады.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174