«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астана қаласы әкімінің орынбасары бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерін тыңдады

2025 жылғы 31 Шілде
- Астана қаласы
838 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында өңірлік кеңес мүшелері мен салалық кеңестер өкілдерінің Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовпен кеңейтілген кездесуі өтті. Кездесу бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы жүйелі мәселелерді тікелей талқылауға арналған тиімді диалог алаңы ретінде өзін жақсы жағынан дәлелдеген жыл сайынғы формат аясында ұйымдастырылды.

Кездесуге Палата жанында жұмыс істейтін 11 салалық кеңестің мүшелері, уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері және елордалық кәсіпкерлер қауымдастығының белсенді өкілдері қатысты.

Астана қаласы әкімдігіне өзінің ұсынысын «Garmonya» жеке қорының президенті, Іскер әйелдер арасындағы салааралық кеңестің мүшесі Елена Куликова жолдады. Ол әйелдер мен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арналған гранттар мәселесін көтеріп, қолданыстағы 5 млн теңгеге дейінгі гранттан басқа қандай қолдау тетіктері қарастырылғанын сұрады. Сонымен қатар инвестициялар, инновациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және фитнес салаларындағы кадр тапшылығы жағдайында кадрларды іріктеу механизмдері туралы да айтылды.

Жауап ретінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов бұл мәселені жұмысқа қабылдап, қолданыстағы рәсімдерге сәйкес тиісті пысықтауды ұйымдастыруды Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына тапсырды. Сондай-ақ Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасымен бірлесе отырып, бұл функционалды әзірленіп жатқан SuperApp қосымшасына енгізу мүмкіндігін қарастыруды, онда елордадағы әлеуметтік кәсіпорындар мен олардың жобалары туралы өзекті ақпаратты орналастыруды тапсырды.

Кездесу барысында Денсаулық сақтау салалық кеңесінің мүшесі, «Акжан LTD» ЖШС директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Роза Карабекова жертөле қабаттарда орналасқан жеке медициналық клиникаларды лицензиялау қиындығын көтерді. Санитариялық талаптарға сай болуына қарамастан, мұндай нысандар медициналық қызмет көрсетуге жарамсыз деп танылып отыр.

«Бұрын УДЗ аппараты жарты бөлмені алатын болса, қазір ол алақанға сыяды. Жертөле жайлары да солай - шет елдерде оларды белсенді пайдаланады, ал бізде “жертөле” деген ұғымның өзі кедергіге айналуда», – деп атап өтті ол және қазіргі құрылыс стандарттарын ескере отырып, санитарлық нормаларды жаңартуға шақырды.

Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шагалтаева бұл ұсынысты қолдап, қолданыстағы талаптардың қазіргі заманғы сәулет және құрылыс технологияларын ескермейтінін айтты. Оның айтуынша, жертөле қабаттардағы нысандар жеке кіреберісі, терезелері, биік төбелері, зертханалық нормаларға сәйкестігі және шектеулі өткізгіштік қабілеті болған жағдайда толыққанды ретінде қарастырылуы мүмкін. Ол санитарлық ережелерге өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін Денсаулық сақтау министрлігіне тиісті ұсыныстар жолдауды ұсынды.

Талқылаудың жеке бөлігі кәсіпкерлерге алдын ала ескертусіз жарнамалық маңдайшаларды алып тастау мәселесіне арналды. Рестораторлардың өзін-өзі реттейтін ұйымының төрағасы Вероника Даугалиева елордада маңдайшаларды меншік иелерін тиісті түрде хабардар етпестен алып тастау фактілері жалғасып жатқанын айтты. Бұл Кәсіпкерлік кодекстің нормалары мен елорда сәулет келбетін қалыптастыру жөніндегі Жол картасының ережелерін бұзады.

«Бизнес тек маңдайшасыз қалмай, сонымен бірге ғимарат қасбетіне келтірілген залалды өз есебінен қалпына келтіруге мәжбүр. Бұл – кәсіпкерлік қызметке тікелей араласу», – деді ол.

Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Габбас Бергалиев басқарма ғимараттарды аралап, маңдайшалар орналастыру тұжырымдамаларын ОСИ және ПИК-термен келісе отырып жүзеге асыратынын түсіндірді. Алайда кездесу қорытындысы бойынша бұл мәселені жетілдіру тақырыбы қосымша талқылауға шығарылатын болды.

Кездесу «ашық микрофон» форматында өтті, бұл әрбір қатысушыға өз пікірін тікелей жеткізуге мүмкіндік берді.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, оларды одан әрі қарау және тиісті шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік органдарға жолданатынын айтты.

«Евгений Сергеевич, кәсіпкерлік қоғамдастығына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаныңыз үшін алғыс айтамыз. Ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасады деп сенеміз», – деді ол отырыс қорытындысында.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер