«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда кәсіпкер жер учаскесіне байланысты әкімдікпен соттасып жатыр

2025 жылғы 29 Шілде
- Атырау облысы
483 просмотров

Жер учаскелерін алу немесе кеңейту бойынша бизнестен түскен өтініштерді қарау кезінде жауапты мемлекеттік органдар тарапынан жіберілетін заңбұзушылықтар Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында қаралды.

Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің хатшылығының меңгерушісі, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, мұндай өтініштер оларға ең жиі түсетін мәселелердің бірі.

Мысал ретінде күн тәртібіне «Алғыс 2030» ЖШС-нің өтініші шығарылды. Кәсіпкер әкімдіктің өтінішіне берген жауабына қанағаттанбай, сотқа жүгінген.

«Мен 20 жылдан бері кәсіппен айналысып келемін, қазір 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырмын. Биылғы сәуір айында жер учаскесін кеңейту туралы өтініш бердім. Маған әртүрлі себептермен бас тартып жатыр – бірде бұл жерге автотұрақ салынады дейді, енді бірде – стадион салынады дейді. Ал іс жүзінде бұл жер бос. Әкімдік әдейі кедергілер жасап отырған сияқты», – деп шағымданды кәсіпкер Нұрлан Отарбаев.

Кеңеске қатысқан Атырау қаласы әкімдігінің өкілдері бұл жерге бірнеше әлеуметтік нысандар – 3 колледж, аурухана және 12 мың адамға арналған стадион салу жоспарланғанын айтты. Сондықтан іргелес аумақ абаттандыру мен автотұраққа бөлінетінін жеткізді.


Сондай-ақ, қазіргі таңда Атырау қаласының бас жоспарына түзетулер енгізіліп жатқанын, сол себепті кейбір жағдайда кәсіпкерлік субъектілеріне өтініштеріне жер беруден бас тарту сыңды жауаптар беріліп жатқанын мәлімдеді.


Ал «Алғыс 2030» ЖШС-не қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары жүргізген алдын ала талдау нәтижесінде, жауапты органдар тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің бұзылғаны және бұл кәсіпкердің құқықтарын шектегені анықталды. 

Бұл деректі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті өкілдері де растады.

«Бізді созбалаңға салу деректері алаңдатады, бір өтінішке неге екі түрлі жауап берілді? Қазір мәселе сотта қаралып жатыр, сондықтан соңғы шешімді сот шығарады. Бірақ осы мысал негізінде әкімдік және жауапты органдармен бірлесіп, бұдан былай мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін қандай шаралар қабылдау керек екенін талқыладық. Өйткені бұл – жалғыз жағдай емес», – деп түйіндеді Палата өкілі Сәрсенбай Жолдыбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер