«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада «Бір ауыл - бір өнім» жобасының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталды

2025 жылғы 18 Шілде
- Астана қаласы
424 просмотров

Астанада өткен «Бір ауыл - бір өнім» жобасының үшінші өңірлік көрмесіне елордадан 35 жергілікті өндіруші қатысты. Іс-шара жергілікті бизнесті ілгерілетуге, бірегей брендтерді қолдауға және дәстүрлі технологиялар мен жергілікті ресурстар негізінде әзірленген өнімдерді дамытуға арналған тиімді алаңға айналды.

Көрмеге кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын жасап жатқан шеберлер де, нарықта өзін танытып үлгерген тәжірибелі кәсіпкерлер де қатысты. Келушілер өнімдерді сатып алып қана қоймай, олардың жасалу тарихымен, өндіріс дәстүрлерімен және технологиялық ерекшеліктерімен де танысу мүмкіндігіне ие болды.

Көрмеге Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев, «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту және шағын, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Гүлия Жүнісова, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жетекшісі Гүлнар Сейтжаппарова арнайы қатысты.

Сөрелерге ет өнімдері, қолөнер бұйымдары, этностильдегі әшекейлер, табиғи сабын мен сусабындар, кондитерлік өнімдер, жент пен құрт, ағаштан жасалған бұйымдар, глютенсіз нан-тоқаштар және басқа да көптеген тауарлар қойылды.

Кәсіпкер Қайрат Нұрсапанов бизнесін екі жыл бұрын бастаған. Ол тұрмыстық қолдануға, кілем мен автокөлік жууға арналған табиғи негіздегі сабын мен сусабын шығарады. Өнімдері химиялық қоспасыз, адам денсаулығына зиянсыз әрі пайдалы. Бүгінде ол базарлармен және жеке компаниялармен жұмыс істеп, өз сату нарығын кеңейтіп жатыр.

«Мен өнімді бастапқыдан-ақ тек зиянсыз емес, адам денсаулығына пайдалы болатындай жасап шығару мақсатын қойдым. Бір тамшы да агрессивті химия жоқ - тек табиғи құрам. Осындай дүниелердің бағаланып жатқанына қуаныштымын», - дейді Қайрат Нұрсапанов.

Арнайы комиссияның қорытындысы бойынша сапасы мен даму әлеуеті жағынан ең үздік деп танылған 10 финалист анықталды:
    1.    Айкимбаева Динара - этностильдегі құмыралар.
    2.    Макенбаева Динара - жайма мен макарон өнімдері.
    3.    Сыздыков Марат - ағаштан жасалған бұйымдар (астаулар).
    4.    Саин Айгүл - кептірілген ет, көкөніс және жеміс-жидек.
    5.    Нұрсапанов Қайрат - табиғи сабын мен сусабын.
    6.    Жұмабеков Ғазиз - ағаш, саз, сазсырнайдан жасалған бұйымдар.
    7.    Ахметов Исатай - былғарыдан жасалған бұйымдар мен декоративті кәдесыйлар.
    8.    Мәғзұмова Гүлнара - жент, құрт, шоколадтағы құлпынай.
    9.    Жанбаева Айым - кондитерлік өнімдер.
    10.    Айтжанова Әсел - глютенсіз нан.

Келесі кезеңде үш жеңімпаз анықталып, әрқайсысы жабдық алуға 5 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болады. Сондай-ақ, олар брендтеу, сертификаттау, маркетинг және экспортқа шығару бағытында сараптамалық қолдау алады.

«Бұл өнімдер жай ғана тауар емес – біздің мәдениетіміз бен болмысымыздың бір бөлігі. Біздің міндетіміз - кәсіпкерлерге дамуға және жаңа нарықтарға шығуға көмектесу», – деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев.

«Бір ауыл - бір өнім» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылады және бүкіл ел аумағын қамтиды. Жоба Жапонияның аумақтық даму тәжірибесіне сүйене отырып, жергілікті брендтер арқылы экономиканы жандандыруды көздейді. Мақсат - жергілікті ресурстар мен дәстүрлі тәсілдерге негізделген өнімдерді дамыту және ілгерілету.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер