«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өңірлік тиімділікті арттыру: Ақтөбе облысында Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директорлары үшін екі күндік семинар өтті

2025 жылғы 18 Шілде
- Ақтөбе облысы
282 просмотров

Бизнес тарапынан талаптар күшейіп жатқан қазіргі жағдайда, жергілікті деңгейдегі басшылардың кәсібилігі мен ақпараттандырылуы кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсету ісінде шешуші рөл атқарады. Осыны ескере отырып, Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында аудандық филиал директорларының құзыреттілігін арттыруға бағытталған екі күндік семинар ұйымдастырылды.

Іс-шара «Атамекен» жүйесінің ішкі ресурстарын және кадрлық әлеуетін дамыту жоспары аясында өткізілді. Семинардың алғашқы күнінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының филиал директорлары жартыжылдықтағы қызмет нәтижелері бойынша есеп беріп, негізгі көрсеткіштер, бағдарламалар мен жобаларды іске асыру тиімділігі, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды талап ететін мәселелер талқыланды.

Семинардың екінші күні толықтай ақпараттық-оқыту сипатында өтті. Мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдерімен ашық диалог форматында кездесулер ұйымдастырылып, аудандық филиал директорлары жер мәселелері, ауыл шаруашылығын қолдау, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, салықтық әкімшілендіру, туризмді дамыту және бизнесті қаржылық қолдау құралдары бойынша өзекті ақпараттар алды

Семинар жұмысына Ауыл шаруашылығы басқармасы, Жер қатынастары басқармасы, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Кәсіпкерлік басқармасы (туризм бөлімі), сондай-ақ Аграрлық несие корпорациясы, «ҚазАгроҚаржы», «Ақтөбе» ӘКК, «Даму» қоры, екінші деңгейлі банктер — «Халық банк» пен «Нұрбанк» өкілдері қатысты.

— «2025 жылы Ақтөбе облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен өнімділікті арттыруға 5 млрд 592,7 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні соның 3 млрд 166,8 млн теңгесі игерілді», — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұржас Матбаев.

Маманның айтуынша, саланы мемлекеттік қолдауға қатысты маңызды өзгерістер орын алған:

— «2025 жылғы 22 маусымнан бастап күшіне енген жаңа ережелерге сәйкес, ірі қара, қой, бұғы және ара шаруашылығындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарға бұрын беріліп келген барлық субсидия түрлері жойылды. Оның орнына нақты нәтижеге бағытталған жаңа қолдау тетіктері енгізілді», — деді ол.

Нұржас Матбаев жаңа субсидиялау тәртібін төмендегідей түсіндірді: ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара төлін сатқаны үшін — 15 000 теңге; бордақылауға тапсырылған бұқалар үшін тірі салмағына қарай — әр келіге 300 теңге; асыл тұқымды қой төлін сатқаны үшін — 4 000 теңге; өңдеуге тапсырылған жүнге сапасына байланысты — әр келіге 25-тен 200 теңгеге дейін; мініс жылқыларының асыл тұқымды биелері үшін — 20 000 теңге; өндірілген әр келі бал үшін — 200 теңге.

— «Жаңа субсидиялау жүйесі икемді әрі нәтижеге бағытталған. Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге нақты өнім көлемі мен сапасы үшін қолдау алуға мүмкіндік береді. Бұл, сөзсіз, саланың тиімділігін арттыруға ықпал етеді», — деп атап өтті Нұржас Матбаев.

Семинар барысында цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Палата өкілдері Darabala цифрлық платформасының мүмкіндіктері, «Документолог» жүйесінің және eOtinish порталының функционалы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Сонымен қатар, қатысушыларға Canva сервисі арқылы көрнекі әрі тиімді презентациялар жасауды үйретті.

Оған қоса, семинарда корпоративтік этика мен кәсіби стандарттарды сақтау мәселелері қозғалып, кәсіпкерлермен тиімді коммуникация және өзара іс-қимыл бойынша арнайы тренинг өткізілді. Қорытынды кезеңде қатысушылардың материалды меңгеру деңгейін анықтау және алдағы оқыту бағыттарын белгілеу мақсатында тестілеу жүргізілді.

Екі күндік мазмұнды бағдарламаның қорытындысын Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов жасады. Ол кадрларды жүйелі түрде дайындаудың маңыздылығын атап өтіп, жергілікті деңгейдегі директорлардың тиімділігі мен біліктілігі өңір кәсіпкерлеріне көрсетілетін қызмет сапасына тікелей әсер ететінін айтты.

— «Біз білімге, цифрландыруға және мемлекеттік органдармен ашық диалогқа басымдық береміз. Мұндай іс-шаралар — бизнес мүддесіне жұмыс істейтін командаға салынған инвестиция», — деді Дидар Боранқұлов.

Кәсіпкерлер палатасы өз қызметкерлерін дамыту мен қолдауға бағытталған кешенді бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер