«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер игілігіне жаңа жобалар жол ашты

2024 жылғы 03 Сәуір
- Қызылорда облысы
6255 просмотров

Атамекен ӨКП Палата жұмысы мен жергілікті кәсіпкерлердің табысқа жету жолын және жергілікті бизнес қауымдастығының қызметін кеңінен насихаттау мақсатында "Qyzylorda" телеарнасымен бірлесе отырып 2024 жылдың ақпан айынан бастап "Қызылордада жасалған" бағдарламасын және 2024 жылдың наурыз айынан бастап аптасына бір рет тұрақты түрде "Пайдалы подкаст" бағдарламасын көрермен назарына ұсынып отыр.

Аталмыш екі бағдарлама Қызылорда облысының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимовтың қолдауымен жарыққа шықты.

«Қазір жеке кәсіп бастағысы келетін, бірақ бизнес әлемінен хабары жоқ адам көп. Оның үстіне жаңа кәсіпті бастар кездегі тәуекелдерді де жоққа шығара алмаймыз. Әрине, ғаламтор беттерінде бизнестің алғышарттары көрсетілген түрлі ақпараттар бар, дегенмен бизнесті бастау және оны жүргізу жолдарын сол кәсіпті нөлден бастаған адам ғана жақсы білері сөзсіз. Осыған орай, біз өңірлік Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықпен бірге облыстық телеарнаның директоры Нұрбек Амишамен кездесіп, ортақ бағдарлама ашуға келістік. Нәтижесінде облыс тұрғындарының назарына екі бағдарлама "Қызылордада жасалған" және "Пайдалы подкаст" дүниеге келді. Бірінші бағдарлама аты айтып тұрғандай жергілікті кәсіп иелерін қолдау, олардың өнімін кеңінен насихаттау мақсатында болса, «Пайдалы подкаст» аймаққа танымал бизнес өкілдерінің табысқа жету жолы мен сол жолдағы қателіктері мен қиындықтарын әңгімелесе отырып, еркін форматта халыққа жеткізу. Телеарна басшылығы подкаст форматындағы бағдарламаның тізгінін Пірмұхаммед Айтбайұлы екеумізге тапсырды» деді Ерлан Раимов.

Бүгінгі күні екі бағдарламаның да алғашқы түсірілімдері эфирге шығып үлгірді. Жаңа кәсіп бастауды ойға алған және өз кәсібін әрі қарай дөңгелетіп әкетуді армандаған бизнес өкілдері үшін бұл бағдарламалардың берері мол. Трансляция сондай-ақ, телеарнаның YouTube арнасынан көрсетіліп, әлеуметтік желілерде кеңінен таратылуда.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі


Еншілес ұйымдар

Серіктестер