«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкерлер: «Салық органдары жұмыс істетпей жатыр»

2023 жылғы 07 Тамыз
- Қызылорда облысы
9281 просмотров

Қызылордалық кәсіпкерлер салық органдарының сот немесе өзге де ұйымдардың шешімі шықпаған мәмілелерді, келісімшарттарды «күмәнді» деп танып, тексеру тағайындайтынына шағымданды.  

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына облыстық құрылысшылар қауымдастығы мен мұнайшылардан, өзге де кәсіпкерлерден салық органдарының мәмілелерді жарамсыз деп тану әрекетіне қатысты түскен шағымдар негізінде біріккен кеңес отырысы өтті.

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі мен Салалық құрылыс кеңесінің отырысына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Мақажанов, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне Бақыт Қайшыбеков, облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әділбек Бекішев, прокуратура және өзге де мүдделі мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Шарада өңірдегі ірі мұнай компанияларының өкілдері соңғы кезде кірістер органынан ескерту хабарламалары жиі түсіп жатқанын жеткізді.

«Бізге бір ай бұрын ғана салық басқармасынан екі хат келді. Онда 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі тауар сатқан кейбір мердігер мекемелердің шот-фактураларын вычеттан алып тастауды сұраған. Бұл келісімшарттар бойынша сот шешімі немесе өзге де шектеулер жоқ. Бірақ кірістер органдары бұл мәмілелерді өздері «күмәнді» деп танып, бізге ескерту беріп отыр. Бұны қалай түсінеміз? Біз кез келген тауарды байқау жариялап, тендер арқылы сатып аламыз. Біз тауарды алып, қызметті толық істеткеннен кейін ғана ақысын төлейміз. Барлық мұнай компанияларында шет елдік инвесторлар бар. Ал олар жайдан-жай ақша төлемейді ғой. Сол үшін салық басқармасының бір жақты қарап, осындай шешім қабылдауына қарсымыз», – деді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ өкілі Сәбит Сұлтан.

Компания өкілінің көтерген мәселесіне облыстық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Бекішев ескертпе хат тарату кәсіпкерлердің осыған дейінгі ұсынысы негізінде жүргізіліп жатқанын айта келе, келіспеген жағдайда мекеменің ескерту хатсыз сотқа жүгінетінін жеткізді.

«Мәмілелерді жарамсыз деп тану бағытындағы шараларыңызға соңғы кезде шағым көбейіп кетті. Салық органдарына бюджетті толтыру тапсырылған болар. Ол түсінікті. Бірақ осындай қисынсыз қадамдарыңызбен кәсіпкерлерден айрылып қаламын деп ойламайсыздар ма?», – деді Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесіның төрағасы Болат Нұрхожаев кірістер органының әрекетіне қатысты осындай проблемаға бұрын шағын және орта кәсіпкерлер шағымданса кезек ірі кәсіпкерлерге келгеніне алаңдаушылық білдірді.

«Мұнай компанияларын, жақсы білесіздер, аудит, өзге де қадағалаушы ұйымдары бар, сол үшін күмәнді мәміле жасамайды. Ал егер осы мұнай компанияларымен жұмыс істеп, қызмет көрсеткен кәсіпкерлерге кірістер органы күмәнданса өздері іздеуі керек. Оған неге кінәсіз кәсіпкер жауап беруі керек?», – деді кеңес төрағасы.

Кірістер органдарының әрекетіне өзге де мұнай және құрылыс саласында қызмет көрсететін бірнеше кәсіпкер шағымданды.

Кеңес қорытындысымен кірістер органдарына «мәмілелерді жарамсыз деп тану» бағытындағы әр істі мұқият зерттеп, содан кейін барып заң аясындағы шараларын көруді ұсынылды. Бизнес өкілдерінің аталған мәселесі шешілмеген жағдайда республикалық кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесіне шығарылмақ.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер