«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Цифрлық трансформация: жақын болашақта бизнесті не күтеді?

2023 жылғы 05 Маусым
6230 просмотров

Заманауи технологиялар қарыштап дамып келеді. Қызметтің көп саласы: мемлекеттік қызметтер, бизнес, банктер, тіпті білім беру ұйымдары да цифрлық жүйелерге ауысып жатыр. Жақын келешекте қазақстандықтарға қандай жаңа мамандықтарды игеруге тура келеді, отандық бизнесті қандай өзгеріс күтетіні туралы Колумбия университетінің адъюнкті, Қазақ ұлттық зерттеу университетінің шақырылған профессоры Рафис Абазов Астана Халықаралық форумы 2023 (АИФ-2023) қарсаңында «Liter» басылымына берген сұқбатында айтты.

 Сұқбат Астана Халықаралық форумының іскерлік серіктесі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен дайындалды.

- Сіз білім беру және білімді арттыру туралы көп жазасыз. Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы білім деңгейі қандай? Қазақстанда жоғары кәсіби мамандарды шығару үшін не қажет?

- Қазақстанда білім беру желісі индустриялық экономикаға, қазіргі тілмен айтқанда «Экономика 2.0-ге»  мамандарды дайындауға жеткілікті түрде жолға қойылған.

 30 жыл бұрын тәуелсіздік алған дамушы мемлекет үшін негізгі қажетті міндеттер орындалып келеді. Атап айтқанда, мектеп білімі, техникалық пәндер, колледждер мен жоғары білім берудің жақсы желісі жолға қойылды. Бірақ бұл шара қазіргі еңбек нарығын  және бүгінгі мен кешегі экономикалық дамуды қолдау үшін ғана.

Алайда, қазір технологиялық және экономикалық парадигма еңбек нарығында да, технологиялар нарығында да, экономикалық жүйеде де өзгеріп жатыр. Көптеген индикатор Қазақстанның цифрлық технологияларды игеру және енгізуге байланысты мүлдем басқа дағдылар талап етілетін немесе жастар айтқандай «цифрлар» жылдам цифрлық трансформация шегінде тұрғанын хабарлап тұр. Ал цифрлық технологиялар адамдардан көбірек дағды, жаңа білім және мүлдем жаңа жағдайларда жұмыс істеу қабілетін қажет етеді. Сондықтан бүгінгі және кешегі мәселелерді шешу үшін қазіргі білім беру жүйесі жақсы құрылған деп айтар едім. Бірақ ұлттық экономиканың жеделдетілген цифрлық трансформациясының экономикалық міндеттерін шешу үшін көбірек динамика мен көбірек даму қажет.

 Бүгінгі технологияларды ғана емес, келешектегі жаңа технологияларды игеріп кете алатын  дағдылар мен біліктілікке ие мамандарды дайындау қажет. Өйткені технологиялар күн санап өзгеріп, үнемі даму үстінде. Бүгінгі күні төнкеріс жасап жатқан жасанды интеллект (AI) және чат-GPT. Осы технологиялармен жұмыс істеуге көбірек мамандар дайындалуы керек.

- Осы қарқынды дамуға ілесіп кету үшін білім беру саласында не істеліп жатыр?

- Заман талабымен қатар жүру үшін бізге ең алдымен икемділік керек. Әсіресе жоғары, кәсіптік және техникалық білім беруде. Осы бағытта институционалдық тізбек құрылып қойған. Оның құрылуына 2021 жылы «Өмір бойы оқыту тұжырымдамасы (үздіксіз білім беру)» қаулысының қабылдануы үлкен маңызға ие болды. Онда Еуропалық одақтың үлгісі бойынша кәсіптік-техникалық білім берудің және жоғары білімнің икемді жүйесі құрылуы тиіс екені айқын көрсетілді. Яғни адамдар еңбек және технологиялар нарығындағы белгілі бір нишалық өзгерістерге бейімделген микро дағдылар, микрокомпенциялар, тіпті нано мамандықтарды алады. Егер бұрын университеттерде адам өмірінде бір рет келіп, диплом алатын болса, қазір жоғару оқу орындары адам үздіксіз келіп, білімін шыңдай алатын орынға айналып келеді. Маман ең кемі 5-6 алты жылда бір рет біліктілігін жоғарылатып жүруі керек. Тек дәреже үшін ғана емес, сонымен қатар микробіліктілік және нанооқыту нәтижелерін есепке алу («Nanodegree»/ «нано – дәреже») – қысқа мерзімде қажетті кәсіби дағдыларды игеруге, жеке оқыту траекториясын құруға және «цифрдағы» білімдегі олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді. Кеше білім алған және бүгінге сай қайта құрылуы қажет орта және аға буындардың (еңбек нарығында жұмыспен қамтылғандардың шамамен 35%) еңбек нарығынан тыс қалмауы өте маңызды. Оларға ертеңгі цифрлық трансформацияның толқынына бейімделуге мүмкіндік беру керек.

 - Бұл үдеріске – адамдарды үздіксіз оқытуға отандық білім беру жүйесі қаншалықты дайын?  

Қазақстанда шамамен 120-130 университет жұмыс істейді. Бүкіл жүйені аяққа тұрғызып, ілгерілету қиын. Бірақ жетекші флгаман оқу орындары бар. Қазақстанның ондаған жетекші университет қазірдің өзінде бейімделіп жатыр немесе өзінің флагмандық әлеуетін растауға жақындап келеді. Олар көптеген мәселені алдын-ала болжап, шешіп келеді. Ұлттық жоғары оқу орындары – Назарбаев Университет, Еуразия университеті, ҚАЗҰУ, политехникалық, аграрлық, медициналық универистет жаңа мамандықтар мен бағыттарды, мысалы, МВА-ға жаңа бағыттарды енгізе отырып, өз жүйесін қайта құруға тырысып келеді.

- Өз сұқбатыңызда сіз Қазақстанда кәсіпкерлікке практикалық оқыту аса дамымаған деп айттыңыз. Студенттерді жаппай бизнеске тарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

-Университеттер мен колледждерде алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Мысалы, практика, оқу, тағылымдама, халықаралық академиялық ұтқырлық. Өкінішке қарай, кейде білім мен бизнес арасында тиімді байланыс болмай қалады. Студенттер өндіріске көбірек уақыт бөлуі керек. Еуропалық стандарттар бойынша студенттер, магистранттар, докторанттар уақыттың 50%-ын өндірісте өткізеді. Көрсету үшін емес, бизнеске белгілі бір мәселелерді шешуге көмектеседі. Университеттер де оны құруы керек және студенттердің бизнеске дайын болуы үшін тиімді және дұрыс болатын заман келеді. Осыған байланысты «Атамекен» мемлекеттік және жеке сектор арасындағы көпір ретінде жақсы қызмет етеді. Енді палата жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі арасындағы бизнес пен өндіріспен көпір болуға тиіс.  Бұл жоғары оқу орындары үшін де, колледждер үшін де, бизнес үшін де тиімді болуы керек.

-Стартаптар туралы жиі жазасыз. Қазақстанды жаңа кәсіп түрлерін ашуға қолайлы ел деп санайсыз ба?

Менің «Болашақ» бағдарламасымен оқыған студенттер және белсенді студенттермен жиі әңгімелесемін. Олар жан-жақты. Оларда идея, креатив жобалар көп. Сондықтан оларға қолдау көрсетіп, ынталандыру керек. Салыстыру үшін, америкалық студенттер бір мамандыққа бейімделген. Біздің жастар көптеген креатив және инновациялық шешімдерді ұсына алады. Үлкен өзгерістерді көріп отырмын, егер COVID-19-ға дейін старап конкурстары бірнеше ондаған жас маманнан құралса, қазір көптеген конкурс жүздеген студент пен магистранттарды тартады. Жастар өзінің стартап идеяларымен келеді. Кейін «бизнес-ангел» деп аталатын бизнесті қолдау жүйесі құрыла бастады. Жастарға жүлде қоры түрінде инвестиция салуға дайын меценаттар пайда болды. Бизнесті көтеру үшін бұл шаралар жеткіліксіз, бірақ жастар үшін алғашқы капитал ретінде жеткілікті. Егер бұрын бұл формалды болса, қазір көбірек жастар нақты идеялар, нақты тұжырымдамалар және нақты бизнеспен келеді.

- Қалай ойлайсыз, жас қазақстандықтар келешекте қандай салаларда дами алады?

Билл Гейтс: «Интернетте бизнес болмаса – демек, сізде бизнес жоқ» деп айтты. Идеялар сан алуан бола алады, олар шағын ғана жоба болып қалмауы үшін масштабтау керек, мемлекеттен, «Атамекен» және жеке ұйымдардан жан-жақты қолдау алу үшін әлеуетті инвесторларға ұсыну қажет. Қазір жеке секторда әлеует көп.

- Астана халықаралық форумында сіз қатысатын панельдік сессия «Қазақстанның бизнесі үшін жаһандағы сын-қатер мен жаңа мүмкіндіктер» деп аталады. Біздің мүмкіндіктерді қалай бағалайсыз?

-Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ауыл шаруашылығындағы микроклонизациядан бастап үйлер мен сауда орталықтарындағы робототехникаға дейін жаңа технологиялардың бұрын-соңды болмаған өсуі байқалады! Сондықтан қарым-қатынас, технология және бизнес стратегиясын қайта қарау қажет.

 Кеше ғана банктер адамдардың барып, ақша салу немесе несие алуы үшін қызмет еткен. Бүгінгі таңда банктер қаржылай қызмет көрсететін экожүйеге айналды. Біз телефонды алып, төлей аламыз, осы қосымшалардан сатып аламыз, несие аламыз. Мұның артында өмірімізді жеңілдететін цифрлық технологиялар жатыр. Барлық операция – төлем, сатып алу, несие рәсімдеу, бизнес іздеу, серіктестер іздеу санаулы минутта іске асады. Банк жүйесінің айналасында қалаларда ғана емес, ең шалғай ауылдарда да қолжетімді үлкен цифрлық платформа құрылды.

 Қазір жасанды интеллект революция жасап жатыр, сондықтан белгісіздік бар. Капитал, білім жиналып қалған кезде күрт көтерілу орын алады. Қазақстанда тек технологиялар, білім мен ҒЗТКЖ жинақтау процесі жүріп жатыр, сондықтан кейде бізде үлкен өзгерістер жоқ деп ойлаймыз. Бұл тек сыртқы жағынан солай. Бірақ шын мәнінде, көптеген банк, компаниялар, корпорациялардың, соның ішінде «Атамекеннің» ішінде жаңа технологияларды пайдалану тәжірибесі жинақталып жатыр. Бұл жақын арада еңбек нарығында да, экономикада да күрт өзгерістер туғызады. Менің ойымша, біз коммуникациялық-ақпараттық технологиялар және жасанды интеллектті күнделікті өмірде қолданудың  жаппай енуінің алдында тұрмыз. Қазақстан осы бағытта ілгерілеп, аймақтың көптеген елінен озып келеді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер