«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жайлы мектеп: отандық өнімнің қолданылуы екіталай

2023 жылғы 18 Шілде
4934 просмотров

Қазіргі кезде жайлы мектептерді салу жөніндегі дирекция – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ  құрылыстың басталуына белсенді дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ұлттық жобаға қаражат республикалық бюджет пен Ұлттық қордан бөлінгеніне қарамастан, триллиондаған теңге шетелдік компанияларға кетуі мүмкін. Өйткені елішілік құндылығы бойынша KPI әлі анықталған жоқ. Ал бұл жағдай  отандық тауарлармен қатар шетелдік өндірістің ұқсас тауарларын да сатып алуға болатынын білдіреді.

 Еске салсақ, отандық өндірістің тауарларын сатып алу бойынша елішілік KPI белгілеу мәселесі Үкімет пен ҚР Мәжілісі деңгейінде талқыланып жатыр.

Осы жылдың маусымында Мемлекет басшысы Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде отандық өндірушілердің құрылыс материалдарын, жабдықтары мен жиһаздарын қолдануды тапсырды. Соның ішінде тұтыну болжамын қалыптастыру және тиісті офтейк-келісімшарттар жасау жолымен басым сатып алуды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амриннің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы үшін арнайы құрылыс материалдары, жабдықтар мен жиһаз өндіретін отандық тауар өндірушілерді жылдам іздеу үшін Ұлттық палата отандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастырды.

«Осы жылдың 13 шілдесіндегі жағдай бойынша «Атамекен» ҰКП Отандық тауар өндірушілер тізіліміне 10 мыңнан астам жиһаз компания, құрылыс материалдарын өндіруші 12 мың компания және 1 мыңнан астам жабдық өндіруші кіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау отандық кәсіпорындардың өз әлеуетін іске асыруға елеулі серпін бере алады. Өз кезігінде отанық кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті қамту үлесін арттыру және бюджетке салық түсімдерін ұлғайтуға дайын. Алайда, нысаналы индикаторларды (KPI) белгілемей,  барлық жұмыс еш кетуі мүмкін», – деп атап өтті спикер.

Мұрат Амрин «Атамекен» ҰКП сәуірден бастап Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу жөнінде өз ұсыныстарын тұрақты негізде жолдап жатқанын айтты. Ұсыныстардың қорытынды пакеті 11 шілдеде жіберілді.

 Алайда ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлтық палата ұсынған өзгерістерді енгізуге асығар емес. Бұл ретте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тарапынан бекітілген KPI-сыз жайлы мектептерді жобалау бойынша жұмыстарды жүргізіліп жатыр.

Осылайша ҚР Президенті, Үкіметі және Мәжілісінің жоғарыда көрсетілген барлық тапсырмасына қарамастан, уәкілетті органдар мен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жұмысында үйлесімнің болмауы жобаға шетелдік тауарларды тарту тәуекелдерін туғызады.

Еске салсақ, 116 лот бойынша мемлекеттік сатып алудың жеңімпаздары анықталды. Тағы 90 лот бойынша құрылыс және жобалауға конкурс жарияланды.

Жобаға отандық тауар өндірушілерді жеткіліксіз тартуға қатысты наразылығын жобалаушылар да білдірді.

«Отандық тауар өндірушілерді барынша тарту жөніндегі талаптар тиісті түрде орындалып жатқан жоқ. Құрылыс жобаларында баламасын өндіру ҚР аумағында жолға қойылған импорттық материалдар бекітіледі. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шеңберінде ҚР заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды болдырмау үшін бірыңғай позицияны әзірлеу қажет деп санаймыз», – дейді Қазақстанның республикалық жобалаушылар одағы төрағасының орынбасары Мюаш Бисарова.

Анықтама:  ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы орта білім беру ұйымдарындағы апатты нысандар, үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған.

Орта білім беру ұйымдары объектілерінің нысаналы құрылысы жөніндегі дирекция болып «Samruk-Kazyna Construction» АҚ белгіленді.

Жобаны іске асыруға Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер