Қызылордада «Ауыл аманаты» жобасына құжат қабылдау мамырдың үшінші онкүндігінде басталады
Қызылорда облысына биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 3 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 600-ден астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Агроөнеркәсіп кешені кеңесінің отырысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Байымбетов айтты. Басқарма өкілі жобаны жүзеге асыруға жауапты сенім білдірген өкілді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарына сәйкес конкурс өтіп жатқанын жеткізді.
«Конкурс жеңімпазы анықталғаннан кейін жұмысты бастап кетпекпіз. Шамамен мамырдың жиырмасынан құжат қабылдана бастайды. Қазір Қызылорда қаласы мен аудандарға қарасты ауылдық округтерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. «Ауыл аманатының» аясында 28 кооператив құрылып, 636 жаңа жұмыс орны ашылады, 20 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынады деп жоспарлап отырмыз», – деді Ғалым Байымбетов.
Сондай-ақ, отырысқа кеңестің төрағасы және мүшелері, «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, жауапты мемлекеттік орган және қаржы ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ауыл шаруашылығында қызмет көрсететін кәсіпкерлер қатысты.
Сонымен қатар, спикер жақын күндері аудандарда осы жобаға жауапты мемлекеттік органдарды бір жерге шоғырландырып, «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсету ұйымдастырылатынын да атап өтті.
Ал, кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алу үшін жиналатын құжаттарды азайтуды, кепілге қойылатын мүліктің бағалау құнын қайта қарауды сұрады.
Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасы халықтың табысын арттырып, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тартуға, азық-түлік қауіпсіздігін, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Жоба аясында ауыл азаматтарына кәсіп ашу үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Мерзімі мал шаруашылығы үшін 7 жыл, өзге бағыттарға 5 жыл. Берілетін ең жоғары сома 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш немесе 8,6 млн теңге. Ал кооперацияларға 8 мың АЕК немесе 27,6 млн теңге. Бағдарлама әкімшісі – облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: