Кәсіпкерлік мақсаттағы гранттар: кімдер, қалай ала алады?
Бүгін біз оқырмандарға кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз қаржы – грант түрлері жөнінде айтпақпыз. Біздің сауалдарымызға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Салтанат Шоникова жауап береді.
- Кәсіппен айналысқысы келетін азаматтардың басым бөлігі соңғы кезде ең бірінші «грантты қалай алсам болады? Ол үшін не істеу керек?» деп сұрайтын болды. Бүгінгі сұхбатта кәсіпкерлік мақсаттағы гранттардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталайықшы. Бірінші халық арасында «1 млн 400 мың теңгенің гранты» аталып кеткен қайтарымсыз қаржы туралы айтып беріңізші. Кімдер ала алады? Қандай талап қойылады? Биыл Қызылорда қаласы мен аудандарда қанша адамды қамту көзделіп отыр?
- Дұрыс айтасыз. Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алған азаматтар жобаны қаржыландыруда бірінші грант талаптарын сұрайды. Жақсы, бірінші 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз қаржының талаптарын айтайын. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өткен жылғы 7 ақпандағы бұйрығына сәйкес 400 айлық есептік көрсеткіш аясындағы гранттар жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Атап айтқанда атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, көп балалы отбасы мүшелері, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар жұмысқа жарамды және мүмкіндігі шектеулі баланы асыраушылар қатыса алады. Ол үшін қатысушыда мерзімі 3 жылдан аспайтын «Бастау бизнес» оқуының сертификаты болуы міндетті. «Бастау бизнес» оқуына жазылу үшін business.enbek.kz порталында тіркелуі керек. Одан бөлек, порталдағы бизнес-жоба үлгісін жүктеп алып, толтырып, қайта порталға жүктеу қажет. Биыл Қызылорда облысына 1526 азаматқа грант беру жоспарланған. Оның ішінде Қызылорда қаласына 380 грант, әр ауданға 150 гранттан қарастырылған. Грант жыл аяғына дейін 4 лекпен өткізіледі.
1 лек 20.02 – 03.03.2023 жж.
2 лек 15.05 – 26.05.2023 жж.
3 лек 10.07 – 21.07.2023 жж.
4 лек 04.09 – 15.09.2023 жж.
400 АЕК гранттың операторы - халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган, яғни қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Кәсіпкерлер палатасынан өзге Қызылорда қаласы мен аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарынан кеңес алуға болады.
- Енді 5 млн теңгенің гранты туралы айтыңызшы. Оны халық арасында «инновациялық жобаларға арналған грант» деп атайды. Жобамен қай кезде өтеді? Бұл жобаның операторы кім, сұрақ туындаса қайда хабарласуға болады?
- Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грант немесе өзіңіз айтқандай, инновациялық гранттың конкурсы осы жылдың екінші жартыжылдығында өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл жобаға жеке кәсіпкер ретінде тіркеу мерзімі 3 жылдан аспайтын кәсіпкерлер ғана қатыса алады. Конкурсқа қатысушы жобасына 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы ала алады. Грантқа қатысу үшін мына құжаттар болуы керек:
1.Кәсіпкердің қызметкерлерінің орташа саны туралы анықтама;
2.«Бастау бизнес» жобасын оқығаны жөнінде сертификаты;
3.Кәсіпкердің ағымдағы шотында (20 пайыз) қаражаттың болуы туралы банктік шоттан үзінді көшірме;
4.Жеке кәсіпкерді тіркеу туралы хабарлама.
Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған гранттық конкурстың операторы – Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.
- Кәсіпке арналған 3 млн теңгеге дейін, сондай-ақ 10 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз қаржы бар деп естідік. Осы жобаларға тоқталып өтіңізші. Талабы, кімдер, қалай ала алады?
- Сіз айтып тұрған 3 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз қаржы алуға арналған конкурсқа 14 пен 29 жас аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Кәсіпкер болсын деген талабы жоқ. Оны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырады. Конкурс «Тәуелсіздік ұрпақтары» (3 млн тг) деп аталады. Грант берудің мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау. Ол ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа бағыттар бойынша жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға беріледі. Толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сайтынан алуға болады. Ал Сіз айтып отырған 10 млн теңгеге дейінгі грант «Бәсекеге қабілеттілік» инвестициялық гранты деп аталады. Ол кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясында, құрал-жабдық сатып алу мақсатында беріледі. Қаржы жаңа өнім әзірлегені немесе бар өнімді жетілдіргені, нарыққа шығарғаны үшін беріледі. Бұл жобаға тіркелген мерзімі бір жылдан асқан кәсіпкерлер қатыса алады. Ол жобаның операторы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.
- Жалпы осы айтып жатқан барлық грант бойынша Палатаның үлесі қандай болмақ?
- Біз кәсіпкерлік мақсаттағы мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде қызығушылық танытқан азаматтардың барлығына кеңес береміз. Одан өзге кәсіпкерлердің жобаларына бизнес-жоспар әзірлейміз. Салықтық, бухгалтерлік және өзге де есептерін тапсырып береміз. Заң және мемлекеттік сатып алу қызметі бойынша кеңес береміз және жобаларды сүйемелдеу қызметін көрсетеміз. Бұл қызметтердің барлығы ақысыз, тегін көрсетіледі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: