«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте салық қызметкерлерінің әрекеті салдарынан кәсіпкерлер басқа өңірлерге кетуі мүмкін

2022 жылғы 19 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
7667 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасына бірден 70 кәсіпкерден салық органдарына қатысты шағымдар келіп түсті. Олардың әрқайсысын салық салушылар әкімшілік жауапкершілікке тартып, мәмілелер сомасына 5 пайыз айыппұл салған. Салық қызметі осы кәсіпкерлердің барлығында салықты азайту мақсатында мәмілелерді «жасанды бөлшектеу» белгілерін байқаған. Бірақ, кәсіпкерлер әкімшілік жаза заңсыз деп шағымданды. Палатаның заңгерлері мәселені Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің талқылауына шығарды.

Мәселенің мәні бойынша, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңына сәйкес, егер мәміле сомасы 1000 АЕК-тен аспаса, кәсіпкерлер өзара мәмілелерді жүзеге асыруға және қолма-қол ақшамен төлеуге құқылы. Мысалы, дүкен иесі сатып алушыдан 3,063 млн теңгеге дейін (биыл 1 АЕК – 3063 теңге) тауарды жеткізуге шарт жасасқан, бұл жағдайда ол қолма-қол ақшамен есеп айырысуға құқылы. Егер Шарттың сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса, онда мәмілені қолма-қол ақшасыз тәртіпте ғана жасауға тиіс.

Салық салушылардың пікірінше, кәсіпкерлер кейде мәмілені әдейі бөлшектейді: әрқайсысының сомасы лимиттен аспауы үшін бірнеше бірдей шарт жасайды. Мұндай жасанды бөлшектеу фактілері анықталған кезде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 266-бабында қаралған айыппұлға әкеп соғады.

Мәселен, аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары 2022 жылғы 25 маусымнан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 266-бабы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыларды жаппай ресімдей бастаған. Қазіргі кезде Мемлекеттік кірістер департаментінің деректеріне сәйкес 242 кәсіпкерге салық салушылар әкімшілік қаулы шығарды, 12 материал сотта жатыр, 15 материал мемлекеттік кірістер департаментінде шағымдану сатысында, ал 42 кәсіпкер салынған айыппұлды төлеп қойған. Бұл жағдай бизнес арасында наразылық толқынын тудырды.

Палата сарапшылары мәселені зерттеп, фискалды органдардың әрекетін негізсіз және бизнеске қысым жасау деп тапқан.

«Кәсіпкерлер тауарларды сатып алу бойынша мәмілелер жасасқан. Негізінен тауарларды сатып алу қажеттілігіне қарай әртүрлі кезде жасалады. Сатушы мен мен сатып алушының арасындағы әрбір мәмілеге жеке шарттар жасалып, олардың әрқайсысының сомасы 1000 АЕК-тен аспаған. Бұл ретте, тауарлардың бір түріне қарамастан, олар әр түрлі сатып алушыларға арналған, сатып алу бағасына байланысты әр түрлі бағамен және түрлі уақыт кезеңдерінде сатылған», – деп атап өтті Кеңес төрағасы Мелес Сейітжанов отырыста.

Палата сарапшыларының пікірінше, салық органының ҚР қолданыстағы заңнамасының нормаларын дұрыс түсінбеуі, заңнамада белгіленген ұғымдарды өз бетінше түсіндіріп, қабылдау және субъективті пікірді басшылыққа ала отырып, әртүрлі мәмілелерді бір-біріне негізсіз біріктіру фактілері орын алған. Нәтижесінде ҚР Конституциясымен қорғалатын және кепілдік берілген салық төлеушінің құқығы бұзылған.

«Біздің компания бойынша салық органдары бір әкімшілік өндірісте 178 шартты «бір мәмілеге» теңестірген! Бұл әртүрлі құрылтайшылары бар 16 түрлі сатушымен 20-дан астам тауар атауларына арналған шарттар! Нәтижесінде шарттардың жалпы сомасы 406 млн теңгеге бізге 26 млн теңгеге айыппұл салынды (барлық шарттың жалпы сомасының 5%)! Назар аударыңыздар: мәмілелердің мәні мен тақырыбы әртүрлі! Бізге қаулы 2019 жылдың шілдесінен 2021 жылдың желтоқсанына дейін шығарылды. Салық органдарының дәлеліне сәйкес, 2019 жылы біз 2021 жылдың желтоқсанында 20 тонна цемент сатып алуымыз керек екенін білуіміз керек екен! Яғни, үш жыл ішінде осы 178 мәмілені салық салушылар бір мәміле деп қабылдап отыр. Бірақ бұл қисынға жатпайтын жағдай!» – деп санайды «Ферротекс» компаниясының заңгері Мұрат Ақкөзов.

Кәсіпкерлердің айтуынша, салықшылардан камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар туралы ешқандай хабарлама алмаған. Оның орнына бірден әкімшілік іс тағайындап, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарған. Соның салдарына кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі шеңберінде салық органының әкімшілік актісіне шағымданудың заңды құқығынан айырылған. Сондай-ақ, әкімшілік іс жүргізу мен қарау кезінде салық органдары ӘҚБтК-ның талаптарын өрескел бұзуға жол берген.

Бұл ретте, кейбір қаулы салық төлеушілердің қатысуынсыз шығарылып, істі қарау кезінде келісім шарттар талап етілмей және зерттелмей, түсінік те алынбай салық органы кәсіпкердің кінәсін қалай анықтағаны белгісіз болып тұр. Сондықтан, кәсіпкерлер салық органы мәмілелер бір мәні бойынша жасалған деген пікірін негізсіз деп санайды.

«Дағдарыстың қазіргі жағдайында шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігі, кәсіпорындардың қаржылық және тауар айналымы төмендеген. Мұның барлығы бюджетке түсетін салықтың төмендеуіне алып келгенін ескеріп, фискалды органдардың күш-жігері салық жинауды арттыруға бағытталғаны іс-әрекеті екені түсінікті. Алайда, бұл кәсібін адал жүргізетін кәсіпкерлерді салықтық және әкімшілік жауапкершілікке негізсіз тартуға әкеліп соғады. Осы мәселеге тартылған кәсіпкерлер бүгінде іс жүзінде құлдырау алдында тұр, мұндай үлкен айыппұлдар алынса, олар өздерін банкрот деп тануға мәжбүр болады», - деп атап өтті Кеңес төрағасы.

Мемлекеттік кірістер департаментінің позициясына келетін болсақ, оның барлық өкілі кәсіпкерлерге өз құқығын сотта қорғауды ұсынған.

Сондай-ақ, Кеңесте бірқатар кәсіпкер өз компанияларын салық саясаты ыңғайлы өңірлерге көшіріп, сол жерде қайта тіркелуге дайын екенін айтты.

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы көтерілген мәселе бойынша құқықтық бағалау беру үшін қала прокуратурасына жүгінді. Қазіргі уақытта қадағалау органы салық органдарының іс-әрекеттерінің заңдылығына талдау жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, дәл осындай жұмысты ҰКП орталық аппараты да қолға алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер