«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкер ақпараттық жүйелер арасында интеграцияның жоқтығына шағымданды

2022 жылғы 07 Қараша
- Қызылорда облысы
7808 просмотров

Астанада өткен «Атамекен» ҰКП-ның Х съезі аясында отандық бизнесмендердің орталық мемлекеттік орган өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылды. Кездесуде қызылордалық кәсіпкер, «Ақтөбе және К» ЖШС директоры, Өңірлік кеңес мүшесі Нұрлан Іздібаев ауыл шаруашылығы саласын дамытуға берілетін субсидияның проблемасын көтерді.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты субсидиялаудың ақпараттық жүйесі мен Қаржы министрлігіне қарасты электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі арасында интеграцияның болмауынан кәсіпкерлер сотта жауап беруге мәжбүр.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы бұйрығында шот-фактуралар өзгертуге, түзетуге, қайтарып алуға жатпайды деп көрсетілсе, Салық Кодексінде шот-фактураларды өзгертуге, түзетуге жол берілетіні жөнінде бап бар. Бүгінде қызылордалық шаруашалар 2018-2019 жылдары мемлекеттен алған субсидиясы бойынша сотта жауап беріп жатыр. Себебі қадағалаушы орган Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығын басшылыққа алып отыр», – деді Нұрлан Іздібаев.

Кездесуде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров мәселені зерттейтінін және қызылордалық кәсіпкер Нұрлан Іздібаевты субсидия мәселесімен айналысатын республикалық жұмыс тобының мүшелігіне қосатынын жеткізді.

Бұл мәселе бойынша Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері биылдың өзінде сотта 50-ден астам кәсіпкердің мүддесін қорғап шықты.

«Ақпараттық жүйелер арасындағы интеграцияның жоқтығы, оның үстіне мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілердегі иерархияны орынсыз пайдалануы кәсіпкерлерді біраз әбігерге салып жатқаны рас. Тек қана осы проблемамен биылдың өзінде 70-тен астам кәсіпкер Палатадан көмек сұрап келді. Соның ішінде 50 кәсіпкердің ісі бойынша сотқа қатыстық. Барлығында да іс кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Дегенмен, мәселені республикалық деңгейде шешпесе, яғни құжатқа өзгеріс енгізбесе немесе жүйеге интеграция жасамаса шағымданушылардың қатары арта берері сөзсіз», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Жақында ғана облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Бақытбек Елшібеков облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Медеубай», «Серікболсын», «Жұмағали», «Жөлек-Ырыс», «Томирис» шаруа қожалықтарынан субсидия сомасын мемлекет кірісіне өндіру туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.

Нәтижесінде Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері биыл субсидияға қатысты шаруалардың 25 млн теңгеге жуық қаржысын сақтап қалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер