«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкерлер стационарлық емес сауда орындарының санын ұлғайтуды сұрайды

2021 жылғы 02 Шілде
- Қызылорда облысы
6906 просмотров

Аталмыш мәселе Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында талқыланды.

Мәселеге арқау болып отырған кәсіпкерлерден түскен өтініш. Жас кәсіпкер Ертарғын Қолқанат жылжымалы кофе («кофе на колесах») сатуды қолға алып бастайды. Облыс орталығында бұл қызмет түріне сұраныс жоғары. Жас кәсіпкер ыстық кофесін бірнеше рет қала орталықтарында қыдырып жүрген азаматтарға ұсынбақ болғанында учаскелік инспекторлар қызметін тоқтатпаса белгіленбеген аумақта сауда жасағаны үшін айыппұл салынатынын айтып, ескерткен. Ертарғынға дейін де бірнеше кәсіпкерлер бұл қызметті қолға алғысы келген болатын. Алайда осындай кедергілерден кейін бас тартқан.

Палата мамандары шет елдерде, тіпті Қазақстанның өзге аймақтарында бұл мәселе кәсіпкер мен тұрғындардың пайдасына шешілгендігін айтып отыр. Халық көп шоғырланатын оқу орындары мен қоғамдық көлік аялдамаларында, парктер мен алаңдарда мұндай қызметке сұраныс жоғары болады деген пікірде мамандар.

Кеңесте кәсіпкерлер атынан мәселе көтерген Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Мұрат Балабай өңірдегі стационарлық емес сауда орындарына қатысты проблеманы ортаға салды.

Өңірде 112 стационарлық емес сауда орындары белгіленген. Басым көпшілігі Қазалы ауданында – 25 орын. Ең аз орын белгіленгендері Арал ауданында (2 орын) екен.

«Қызылорда қаласында небәрі 7 ғана орын бекітілген. Бұл облыс орталығына жеткіліксіз. Бөлінген жерлер қолайсыз, шет аймақтарда орналасқан. Мысал үшін айтатын болсақ, Маңғыстау облысында 590 орын, Ақмола облысында  744 орын белгіленген. Қызылорда қаласындағы Орталық алаң, «Сыр Ана», орталық мешіт, «Шұғыла» мөлтек ауданы, қалалық парк аумақтарын стационарлық емес сауда орындарының қатарына қосу арқылы олардың санын ұлғайту қажет. Сонымен қатар, аудандардың Қызылорда қаласында ауыл шарауашылығы өнімдерін қысы-жазы сататын орындары болу керек. Бағаның ушығып тұрған бүгінгі жағдайда бұл мәселе өзекті», - деген Палатаның бөлім бастығы Мұрат Балабай стационарлық емес сауда орындарының жұмысын реттейтін нормативтік-құқықтық актілер жетілдіруді қажет ететіндігін атап өтті.

Палата маманы заңнамада стационарлық емес сауда орындарын орналастыру орындары мен маршруттарын анықтауға қойылатын талаптар мен критерийлерді, сондай-ақ кәсіпкерлерге орын бөлу механизмін белгілеу қажеттігін айтып отыр. Сондай-ақ, басқа өңірлердің озық тәжірибесін зерттеп, сауданы ұйымдастырудың бірыңғай қағидасын әзірлеуді де ұсынды.

Кеңес қорытындысымен, бұл мәселеге қатысты орналасқан жерді анықтау үшін жергілікті атқарушы органдардың жанынан өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-қауымдастықтың қатысуымен жұмыс топтарын құру жағын қарастыру жөнінде шешім қабылданды.

Айта кету керек, аталмыш мәселе жақында ғана Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен мәслихат депутаттарымен кездесуде де талқыланған болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер