«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізілді

2021 жылғы 23 Маусым
- Жамбыл облысы
4486 просмотров

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңында Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізілді. Жиынға ауыл шаруашылығы басқармасы, агро несиелік корпорация, қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.

Бұл жұмыстың мақсаты – субсидияларды алу үшін өтінімдерді тапсыру сәтінен бастап, оны берудің ашық  әрі әділ жүйесін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнес жүргізуді тежейтін әкімшілік кедергілерді жою.

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы жүйелі проблемалар мен әкімшілік кедергілерді анықтау мақсатында тұрақты негізде агроөнеркәсіп кешені саласындағы субсидиялаудың мемлекеттік бағдарламасына талдау жұмыстарын жүргізіп отырады.

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры аталған салаға қатысты проблемалық сұрақтар мен субсидия беру тәжірибесі және оны жақсарту жолдары бойынша ұсыныстарын ортаға салып, баяндама жасады.

Мәселен, «инвестсубсидия» аясында ағымдағы жылдың 5 айында Жамбыл облысының агроөнеркәсіп субъектілерімен 1454 өтінім берілді, оның ішінде 446 өтінім (30,67%) жұмыс органымен түрлі себептер бойынша қабылданбаған.

 «Бас тартудың ең көп таралған себептері: төлемді растайтын құжаттардың болмауы, шарттағы/өтінімдегі банк деректемелерінің сәйкес келмеуі, қате деректер, фискалды чектің болмауы және т. б. Қазіргі уақытта бар проблемаларды егжей-тегжейлі зерттеу үшін біз бірнеше рет бас тартқан шаруалармен интерактивті кездесу өткізіп жатырмыз», – деді Палата директоры Еркін Атымтаев.

Сондай-ақ, «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасы бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасына облыс бизнесінен Қағидалардың өлшемшарттары мен талаптарына сәйкестігіне қорытынды беру бойынша 9 өтініш келіп түсті.

Қағидалардың өлшемдері мен талаптарына сәйкес келетін 8 қорытынды комиссиялық түрде берілді. Қағидалардың 20-тармағына сәйкес арнайы комиссияның қорытындысын облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы ағымдар жүйесіне 2 жұмыс күнінде енгізеді. Алайда, бұл талаптар уақытында орындалмай келеді.

Мысалы, ағымдағы жылдың наурыз айында «Жылыбұлақ-Мерке» ЖШС-ға «Субсидиялаудың ақпараттық жүйесі» (ИСС) бағдарламасы ет өңдеуші кәсіпорынның (бұл жағдайда «Меркі-ет комбинаттары» ЖШС) арнайы комиссияның қорытындысы болмауына байланысты өтінімі қабылданбағаны туралы хабарланды.

Директордың түсіндіруінше, арнайы комиссиямен 2020 жылдың қыркүйегінде субсидия алуға оң қорытынды берілген. Палатаның араласуынан кейін арнайы комиссияның 21.09.2020 жылғы қорытындысы «Субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне» бекітіліп, «Жылыбұлақ-Мерке» ЖШС-нің өтінімі қабылданды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері кәсіпкерлерден оларға тиесілі субсидияны ала алмауларына қатысты ауызша да, жазбаша да өтініштер келіп түсуде. Мәселен, өтініштер Жуалы ауданының ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінен келіп түсті, онда олар 2020 жылдан бастап сүт өңдеу зауыттарына тапсырған сүті үшін субсидиясын алмаған. Алынбаған субсидия сомасы 279 млн. теңгені құрайды. Бұл өз кезегінде саланың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етеді.

Қорытындылай келе, көтерілген проблемалық сұрақтар мен ұсыныстар назарға алынып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп шешу жолдарын қарастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер