Қызылордалық кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау аясында жеке мектеп пен жатақхана салу жолдары түсіндірілді
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында аймақ кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау аясында жеке мектеп пен жатақхана салу жолдары түсіндірілді.
Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ мамандарының қатысуымен өткен бұл шарада қызылордалық кәсіпкерлер аса белсенді болды. Себебі бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысында мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі шеңберінде 3 жаңа жеке жатақхана салынып, іске қосылды. Бұдан бөлек аудандарда жатақхана салуға ниетті басқа да кәсіпкерлер бар. Сонымен қатар, 7 жеке білім ошағы жұмыс жасауда. Жеке мектеп ашуға кәсіпкерлердің қызығушылығы басым.
«Бүгінгі шараны өткізіп отырғандағы мақсатымыз Қызылорда облысындағы кәсіпкерлерді білім саласындағы қолданыстағы инвестициялық бағдарламалармен таныстыру. Бұл бағдарлама 2018 жылы басталған болатын. «5 әлеуметтік бастама» аясында республика көлемінде кем дегенде 75 000 орындық жатақхана, оның ішінде Қызылордада 1500 орындық жатақхана салу жоспарланған болатын. Қазіргі кезде облыс кәсіпкерлерінің көмегімен бұл мәселенің жартысынан көбі шешілді. Соның ішінде жеке кәсіпкер «Сүйеніш» 414 орындық, «Дильмаш» ЖШС-і 330 орындық, «Болашақ» университеті 400 орындық жатақхана салды. Сонымен бірге бала санының артуынан мектептерге де деген сұраныс та артуда. Ол үшін жеке мектептер салушыларға мемлекет қолдау білдіруге әзір. Осы орайда, жатақхана немесе жеке мектеп салуға ниетті кәсіпкерлерге бүгін түсіндіру үшін арнайы келіп отырмыз», - деді «Қаржы орталығы» АҚ Жобаларды ілгерілету департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин.
Мұнан әрі «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері қолдау тетіктерімен таныстырып өтті.
Мемлекеттің қолдауымен жекеменшік мектеп салғысы келген кәсіпкер:
- «Қаржы орталығы» АҚ-мен алдын-ала шарт жасасады;
- өз қаражаты есебінен мектеп салады немесе ғимаратты мектеп етіп реконструкциялайды;
- 20 жылға ғимараттың нысаналы мақсатын өзгертпеуге құқықтық ауыртпалық тіркейді;
- білім беру қызметімен айналысуға лицензия алады;
- оқушыларды жинайды;
- мемлекеттік тапсырысты орналастыруға өтініш береді;
- мемлекеттік тапсырыстың қаражатына дербес иелік етеді.
Ал мемлекет, бұл жерде бағдарлама операторы «Қаржы орталығы» АҚ:
- әрбір оқушы орны үшін 8 жыл бойы амортизациялық компонентті өтейді, оның ішінде құрылыс салу жолымен енгізілген жағдайда 96 АЕК, реконструкция жасалған жағдайда 47 АЕК мөлшерінде;
- мектепті пайдаланудың барлық кезеңінде әрбір оқушыға операциялық шығындарды өтейді.
Әрі қарай жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру алгоритмі төмендегідей:
1) «Қаржы орталығы» АҚ мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін өтініштердің қабылдануы туралы жариялайды;
2) жекеменшік мектеп өтініш пен мынадай құжаттар пакетін ұсынады:
- білім беру қызметімен айналысуға лицензияның көшірмесі;
- заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
- Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банкінде шотының болуы туралы анықтама.
3) «Қаржы орталығы» АҚ өтініштерді қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін жеке мектептер тізбесін қалыптастырады;
4) жекеменшік мектеп және «Қаржы орталығы» АҚ шарт жасасады;
5) жекеменшік мектеп білім беру процесін жүзеге асырады;
6) «Қаржы орталығы» АҚ орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес төлемдерді жүзеге асырады.
Кездесуде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов салада жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлердің проблемалары ретінде құрылыс салуға қатысты екінші деңгейлі банкке өтініш берген бизнес өкілдерінің құжаттары ұзақ қаралатындығын, бұл өз кезегінде жобаны мерзімінде орындауға кедергі келтіріп отырғандығын ерекше атап өтті. Орталық мамандары мұндай жағдайда банктерге кепіл хат беруге әзір екендіктерін жеткізді.
Мұнан өзге, кездесуге келген кәсіпкерлер бағдарламаға қатысты сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптарын алды.
Кездесу барысында «Қаржы орталығы» АҚ-ның мамандары білім беру саласындағы мұнан өзге де мемлекеттік қолдау тетіктерімен таныстырып шықты. Толығырақ www.fincenter.kz www.invest.fincenter.kz сайттарынан танысуға болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: