«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Биыл «Бастау» жобасын онлайн оқыған қызылордалықтар кәсіптерін ашып жатыр

2020 жылғы 13 Қазан
- Қызылорда облысы
4085 просмотров

Жалағаш ауданының тұрғыны Сымбат Тыныштықбай «Бастау» жобасының биылғы түлегі. Карантинге байланысты жобаны онлайн оқыған ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 555 мың теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді.

Сымбат жоғары оқу орнын ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша тәмамдағанымен жастайынан тігін тігуді жанына серік еткендіктен кәсіп түрі ретінде де осы саланы таңдайды.

Тігіншіліктің қыр-сырын меңгергісі келген жас кәсіп иесі Алматы қаласынан арнайы тігіншілік курстарынан өтіп келеді. Елге келген соң тігіншілігін өзінің той көйлегін тігуден бастайды.

«Тігінмен кәсіби түрде айналысқым келді. Жоғарғы оқу орнын бітіріп келгеннен кейін тұрмысқа шықтым. Үйде бос отырмай кәсіппен айналысқым келді. Қазір ұзатылатын қыздар тарапынан қазақы нақыштағы киімдерге сұраныс өте көп. Осыны басшылыққа ала отырып, киімнің толық комплектін: тақиясын, сәукелесін, камзолын, көйлегіне дейін тігіп жатырмын. Мұнымен шектеліп қалмай, қыз жасауын да қолға алдым. Тапсырысты әлеуметтік желі арқылы қабылдап жатырмын», - дейді «Үкілім» тігін шеберханасының иесі Сымбат Тыныштықбай.

Бүгінде еңбек етемін деген жанға кәсіптік түрі көп. Тауарларды саудалауға да жағдай жасалған: әлеуметтік желінің қажетті түрін таңдаса жеткілікті. Бүгінгі кейіпкеріміз Сымбат та дайын өнімдерін әлеуметтік желі арқылы сатада немесе жалға береді. Жас кәсіпкердің тағы бір өнері – өз қолымен соңғы үлгідегі сөмкелерді тігеді, тоқиды. Білгенін жас қыздарға үйретуді де көздеп отыр.

«Әзірге кәсібімді үйден жүргізіп отырмын. Болашақта аудан орталығынан арнайы орын алып, кәсібімді дамытқым келеді. Мұнымен де шектелмей еліміздің өзге өңірінен филиалын ашуды жоспарлаудамын», - дейді жалағаштық кәсіпкер.

Биыл «Бастау» жобасы бойынша 2182 облыс тұрғыны онлайн оқытылып, олардың ішінде 777 азаматтың жобасы 443,5 млн.теңгеге қаржыландырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер