«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада кәсіпкер 17 млн.теңге қаржысын сақтап қала алды

2019 жылғы 11 Қазан
- Қызылорда облысы
4065 просмотров

Қызылордалық жеке кәсіпкер Рүстем Баймағанбетовтің нарықтағы құны 17 млн.теңге тұратын жер телімі мен аяқталмаған құрылыс нысанын сақтап қалуға Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері көмектескен. Бұл туралы кәсіпкер Палатаға жазған алғыс хатында айтты.

Кәсіпкер қызмет көрсету саласындағы кәсібі үшін ғимарат салуды көздеп, 2014 жылы жер телімін сатып алады. Алайда отбасында орын алған қиындықтар кәсіпкердің уақытында жерді игеріп, жоспарын мерзімінде орындауына мүмкіндік бермейді.

2018 жылы Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы кәсіпкер Рүстем Баймағанбетовке жерді 1 жыл ішінде мақсаты бойынша пайдалану жөнінде нұсқама береді. Одан әрі мемлекеттік орган кәсіпкерді жер телімін 5 жылға жуық уақыт мақсаты бойынша пайдаланбағандығын айтып, мемлекет меншігіне қайтару туралы сотқа талап арызбен жүгінеді.

Сот отырысында кәсіпкердің өтінішіне сәйкес, заңды мүддесін Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері қорғады.

Отырыста кәсіпкер Рүстем Баймағанбетов Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының нұсқаулығын алмағандығын жеткізсе, Палата заңгерлері кәсіпкердің құрылысқа рұқсат беру құжаттарын әзірлеп, жергілікті атқарушы органнан келісім алғандығын, аталмыш жер телімінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқандығын дәлелдеп шықты. 

Сот отырысының қорытындысымен судья мемлекеттік органның кәсіпкердің жер телімін мәжбүрлеп алу туралы талап арызын қанағаттандырусыз қалдырып, нәтижесінде Рүстем Баймағанбетовтің жер телімі өзінде қалды.

Айта кету керек, жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдері атынан құқығын қорғауды сұрап 223 өтініш түсті. Палата заңгерлерімен аталмыш өтініштердің 67 оң шешімін тауып, кәсіпкерлердің 195,4 млн.  теңге қаржысын сақтап қала алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер