«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау»: Қызылордада 3 айда 44 жоба қаржыландырылды

2019 жылғы 05 Маусым
- Қызылорда облысы
1934 просмотров

«Бастау» жобасы аясында бизнес сауаттылықтарын арттырып, кәсібін ашушылардың қатары өңірімізде артып келеді. Биылғы жылы Қызылорда облысы бойынша 800 азаматты «Бастау» жобасы бойынша оқытылу көзделіп отыр. Қазірдің өзінде 555 азамат осы жоба аясында білім алса, оның 44-і кәсібін бастап үлгерді. Олардың 3-еуі «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалынан 11,5 млн.теңге несие алса, 41-і «Еңбек» бағдарламасы аясында өткен гранттың жеңімпазы атанды. 41 жобаға берілген грант көлемі 10,4 млн.теңге.

Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген несиенің арқасында шаруашылықпен айналысып жатқан жандардың бірі Жарасовтар отбасы.

Жарасовтар отбасы қалаға жақын орналасқан Бірқазан ауылында тұрады. Ата кәсіпке адалдықтың үлгісін көрсетіп отырған бұл отбасының шаруа қожалығы бар. Елді мекенде тұрғандықтан отбасы мүшелері ақылдаса келе мал басын көбейтуді ойластырады. Бірігіп облыстық кәсіпкерлер палатасына келіп, кеңес алады.

Ақылдаса келе «Бастау» жобасына қатысып, бизнес біліктіліктерін арттыруға бел буады. Жұмысы болмағандықтан бұл оқуды отбасының анасы Ұлжалғас Пернеева оқиды.

«Бастау» жобасының 2018 жылғы түлегімін. Бір ай оқып, біліктілігімді жетілдіріп, бизнес-жоспарымды дайындадым. Сонымен мал шаруашылығымен айналысу үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан 3 млн.теңге несие алып, 10 бас сиыр алдық. Қазір төлдеп, мал басы көбейіп жатыр. Сүтін, қатығын сатып, құртын, майын алып, тірлік қылып жатырмыз», - дейді Ұлжалғас Пернеева.

Атам қазақ «Мал баққанға бітеді», - дейді. Сондықтан да оның жұмысы көп. Жем-шөбін беру, суғару, тұрған орнын тазалау жұмыс қолын қажет етеді. Кәсіп иесіне бұл тұста жолдасы көмектеседі. Мұнан өзге бұл отбасы бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Демалыс күндері ата-анасына балалары қолғабыс береді.

Жарасовтар отбасының ендігі жоспары жылқы шаруашылығымен айналысу.

«Мемлекеттің көмегі біз үшін таптырмайтын көмек болып отыр. Шүкір, қазір мына алған ірі қарамыз өсіп, көбеюде. Ендігі жерде жылқы шаруашылығын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Жайылымдық жер алып, сол жерге малдарымызды жайсақ дейміз», - дейді отағасы Бектас Жарасов.

 Малдың жай-күйін жақсы білетін Бектас пен Ұлжалғас әр шаруасын тиянақты жасап келеді. Олар өз қолдарымен қорасын салып, малдың жайын жасады. Тынымсыз еңбек етіп, еңбегінің жемісін көріп отырған Жарасовтар отбасының кәсібіне сәттілік тілейміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер