«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Болат Палымбетов: Бизнесті дамыту – басты мақсат

2018 жылғы 28 Сәуір
- Ақтөбе облысы
7349 просмотров

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, кеңес мүшелері және уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.

Соңғы 2 жылда «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлердің құқын қорғауға қатысты барлығы 12 420 арыз-шағым қаралған. Олардың  717-сі Ақтөбе облысы бойынша  түскен, оның 327 оң шешімін тауып отыр. Кәсіпкерлердің осы уақыт бойынша қорғалған мүліктік құқығының жалпы көлемі – 74,1 млрд теңгені құрайды.

Шағымдар, негізінен, жер алу, құрылыс салуға қатысты, сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың бизнестің құқығы мен заңды мүдделерін бұзу фактілері де кездесетіндігі жөнінде «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко айтып өтті.

Кәсіпкерлерден түсетін шағымдардың басым бөлігі жер қатынастары саласына қатысты. Қаланың Бас жоспарының толық жарияланбауына байланысты кәсіпкерлер жер учаскесін алу мен қолда бар жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуде айтарлықтай кедергілерге тап болуда. Отырыста жеке кәсіпкер А. Искакова 3 жыл бойы қала шетіндегі шаруа қожалығына арналған жерінің бастапқы нысаналы мақсатын өзгерте алмай отырғандығын айтып шағымданды. Кеңес жұмысына қатысқан Ақтөбе қаласының жер қатынастары ММ басшысы Таңат Шегебаев бұл мәселені шешуге кедергі келтіріп отырған бірнеше себептерді атап көрсетті. Кәсіпкерге мал жайылымына арналған жер учаскесін коммерциялық мақсатта пайдалану үшін  ол жерге дейін жол тартылуы тиістігі, ол үшін жанындағы көршілерден рұқсат алу керектігі түсіндірілді. Бұл жағдайды кәсіпкердің пайдасына шешу үшін құзырлы орган жан-жақты қолдау білдіретіндігіне сендірді.

Сондай-ақ, бизнес өкілдері жергілікті атқарушы органдарының лауазымды тұлғаларының кәсіпкерлердің құқын бұзуы, рәсімдерді жүргізу кезінде заң талаптарын сақтамау фактілерінің орын алатындығын айтты.  Мәселен, жеке кәсіпкер А.Едрисованың иелігіндегі жерді Хромтау аудандық әкімдігі еш ескертусіз мемлекеттік қажеттілік үшін алып қойған. Кеңеске қатысқан Хромтау қаласының әкімі Асқар Нұртазин аталған жер учаскесінің Хромтау қаласын абаттандыру аумағына кіретінін, кәсіпкерге ескерту қағазын бірнеше рет жіберілгенін айтып ақталды. Алайда кәсіпкер ешқандай хат алмағандығын айтты.

Кәсіпкерлердің арыздарын мұқият тыңдаған Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Палымбетов құрамына облыс әкімінің орынбасары, жергілікті атқарушы, өкілетті органдардың өкілдері кіретін Кеңес мүшелеріне аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеруді және кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауды бірінші орынға қоюды тапсырды.

«Ел экономикасының дамуына кәсіпкерлер елеулі үлес қосып отыр. Жалпы ішкі өнімнің маңызды бөлігін өндіріп отырған да, салықтың басым көпшілігін төлейтін де, жергілікті мамандарды жұмыспен қамтитын да – кәсіпкерлер, сондықтан оларға ешқандай қысым көрсетілмеу керек. Керісінше атқарушы билік бизнес өкілдеріне барлық жағдайды туғызып, керек десе, өздері кәсіпкерлердің соңынан жүгіру керек. Бизнесті дамыту – басты мақсат», – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов. Сонымен қатар, ол Ақтөбе өңірінің бизнес жүргізуге қолайлылығына тоқталды. Бизнес-омбудсмен облыстың өнім өндірумен қатар қызмет көрсету саласын дамытуда әлеуетінің жоғары екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, кеңес отырысында бизнестің тағы бір проблемалық мәселесі - кәсіпкерлікті субсидиялау жөнінде сөз болды. Бұл салада да атқарушы мемлекеттік органдардың құжаттарға қол қоймай, көп сөзбұйдалылыққа салынатыны анықталып отыр. Бұл мәселенің шешімі ретінде бизнес-омбудсмен жергілікті атқарушы органдарға субсидия бөлетін комиссия құрамына бизнес-қауымдастықтардың өкілін қосу қажеттігі туралы ұсынысын білдірді. Сонымен бірге, жергілікті атқару органдарындағы жер учаскелері туралы мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында интернет сайттарына Бас жоспар мен инженерлік құрылымдар туралы мәліметтерді жариялау туралы талаптары айтылды. Сонымен қатар, заңнамалық актілерге лауазымды тұлғаларды бизнестің құқығы мен заңды мүдделерін бұзғандары үшін жауапкершіліктерін күшейтуге байланысты арнайы баптардың енгізілуі керектігіне баса назар аударылды. Кездесу соңында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өңірлердегі бизнес-климатты жақсарту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыстардың жалғасатын айтты. Сондай-ақ, Болат Палымбетов кәсіпкерлерді құқықтық сұрақтары бойынша жеке қабылдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер