«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкерден 3,1 млн теңге заңсыз талап етілген

2022 жылғы 11 Қараша
- Қызылорда облысы
8761 просмотров

Соңғы кезде қызылордалық шаруалар Кәсіпкерлер палатасынан сотта құқығын қорғауды жиі сұрайтын болды. Палата заңгерлері биылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін 80-ге жуық кәсіпкердің өтініш білдіргенін жеткізді.

73 кәсіпкердің ісі бойынша заңгерлер сотқа қатысып, құқығын қорғап, шаруалардың 45 млн теңгеден астам қаржысын сақтап қалған.

Солардың бірі - «Ынтымақ» ЖШС. Кәсіпкер 2020 жылы қыркүйекте «асыл тұқымды малдарға селекциялық жұмыстар жүргізу үшін» мемлекеттен 3200 бастан астам уақ малға субсидия алады. Қағиданың талабы бойынша мал басын 97 пайыз аман сақтауға міндетті.

Алайда, 21 қазанда кәсіпкердің малы жайылып жүрген жер өртеніп, 116 бас мал өліп, 300-ге жуығы күйіп қалған. Оны тиісті мемлекеттік орган өкілдері де уақытында көріп, құжат рәсімдеген.

Биыл субсидия беруге жауапты ауыл шаруашылығы басқармасы «502 бас уақ малды белгіленген мерзімінен бұрын есептен шығарған» деген негізбен кәсіпкерден 3,1 млн теңгені мемлекет бюджетіне қайтаруды талап етіп, сотқа арыз береді.

«411 бас уақ малды күйік шалып, төтенше жағдайға байланысты есептен шығардық. Зоотехникалық нормаға сәйкес 3 пайызы, яғни 91 бас аналық табиғи шығынға жатады. Талап негізсіз. Сондықтан дәлелдейтін құжаттарды алып, Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрадым», – деді кәсіпкер Рахым Кутибаев.

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері бұл іспен үш ай айналысты. Мәселені жан-жақты зерттеп, сотта кәсіпкердің құқығын қорғап шықты.

Нәтижесінде облыс бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Ынтымақ» ЖШС-ға қатысты талап арызын қанағаттандырмады.

«Мемлекеттік органның субсидияға қатысты сотқа жүгіну фактілері көбейіп кетті. Кәсіпкерлердің онсыз да шаруалары шаш-етектен. Сол үшін басқармадағы әріптестерімді сотқа дейін мәселенің мән-жайын жан-жақты зерттеп алуға шақырамын. Ал өзге де осындай проблемасы бар кәсіпкерлер Палатаға жүгіне алады. Құқығын қорғауға дайынбыз», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Мекенжайымыз: Қызылорда қаласы, Қорқыт ата 123, «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратының 3-қабаты. Байланыс телефоны 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер