«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Электрмен жабдықтау жақсарып келеді

2017 жылғы 26 Қаңтар
- Жетісу облысы
11788 просмотров

2015 жылдан бастап Атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитеті бизнес-ортаны жақсартуға қатысты бірқатар реформаларды қолға алды

Кәсіпкерлер палатасында электрмен қамтамасыз ету желілеріне қосу процедуралары мен заңнама ережелерін түсіндіруге қатысты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда Атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті директоры Марат Үлеков сөз алды. Оның айтуынша, былтыр электрмен жабдықтау тұрақтылығы көрсеткіштерінің нормативті мәні мен оларды анықтау ережелері бекітілген екен. Осылайша, электрмен жабдықтау желісіндегі бір тұтынушыға шаққандағы электрді өшіріп тастаудың  орташа көрсеткіші 4,0 деп белгіленген. Сондай-ақ, заң деңгейінде, электрмен жабдықтау тұрақтылығы көрсеткіштері бекітіліп, оны орынсыз өсірген электр энергиясын тасымалдаушы мекемелердің жетекшілері әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды. Осылайша, аталған талаптарды орындамаған тұлғалар, 125 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Сонымен бірге, департамент басшысы, кәсіпкерлерге еліміздің «Doing Business» рейтингісінде біршама жоғары сатыға көтерілгендігін айтты.

«Дүниежүзілік банктің «Doing Business» халықаралық рейтингісіне сәйкес, «Электрмен жабдықтау жүйесі желілеріне қосылу» индикаторы бойынша, Қазақстан 75-орынға тұрақтаған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда  әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Себебі, біздің ел аталған рейтингте 27 саты жоғары көтерілген. Жалпы рейтингте де Қазақстан 190 елдің ішінен 35-ші орынды иеленіп, жоғары көрсеткіш көрсеткен. Мұндай оң нәтижелерді, электр энергетикасы саласы заңдарына, бірқатар өзгертулер енгізумен байланыстыруға болады»,– деді Мұрат Үлеков.

Мәселен, электрмен жабдықтау желілеріне қосу барысында орын алатын рұқсат беру процедураларының екеуі алынып тасталып, жүйеге қосылуға қажет техникалық талаптарды беру мерзімі және электрмен жабдықтау мекемесі мен тұтынушы арасындағы жобаға қатысты шешім қабылдау мерзімі қысқартылған.

Ал, кәсіпкерлер үшін, қуат көлемі 200 кВт дейінгі электр қондырғысы бар, тұтынушылар желісіне қосылу жөніндегі техникалық талаптарды беру мерзімі 14 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Сонымен бірге,  енді бар-жоғы үш күннің ішінде, энергияны жеткізуші/жабдықтаушы мекемемен жобалық шешімдерді мақұлдауға және электр энергиясын жеткізу туралы келісімшартқа отыруға болады. Бұған дейін, аталған процедуралардың барлығы 20 күннен 7 күнге дейінгі аралықты қамтыған.

«Сол сияқты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы беретін құрылыс-жөндеу жұмыстарына рұқсат алу талабы мен бұған дейін мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау органы беріп келген электр желілеріне қосылуға рұқсат беру талабы алынып тасталды. Аталған процедура хабарлама беру ретіне өзгертілді. Бұл ретте хабарламалар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы немесе elicense.kz электронды лицензия беру сайты арқылы электронды түрде жолданады. Бұл ретте, енгізілген өзгертулерге сәйкес, техникалық тұрғыдан күрделі емес нысандарды электрмен жабдықтау желілеріне қосуға қатысты құрылыс-жөндеу жұмыстарының басталғандығы туралы, жобаны әзерлеуші де хабарлама жолдауға құқылы», – деп атап өтті департамент басшысы.

Департамент басшылары қолға алынып жатқан шараларды түсіндіріп өткеннен кейін, кәсіпкерлер сауал қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Кәсіпкерлер бұл ретте, жер телімдері мен қорғалатын аумақтарға қатысты электр желілерін орнату жөнінде бірқатар шешімін таппаған мәселелер бар екенін алға тартты. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер