«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Есеп берудің өз жөні бар

2016 жылғы 30 Қыркүйек
- Ақмола облысы
6574 просмотров

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры атышулы есеп төңірегіндегі дау жөнінде өз пікірін білдірді

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Ағымдағы бос орындар мен болжамды жұмыс орындарын деректер базасына қосу үшін сұраныстағы мамандықтар мен бос орындар туралы мәліметтерді ұсынуға арналған әкімшілік тіркеу үлгілерін бекіту туралы» бұйрығы ресми түрде жариялана сала, Өңірлік палатаға кәсіпкерлерден көптеген арыздар келіп түскен.

«Кәсіпкерлердің өтінішімен Өңірлік палата уақыт күттірместен өз алаңында еңбек инспекциясы мен облыстық әлеуметтік бағдарламалар және үйлестіру басқармасы өкілдерін шақырып, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Өз тарапынан Өңірлік палата жергілікті жерлерде кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп келе жатыр. Кәсіпкерлікті қолдау орталығы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы базаларында кеңесшілер есеп беруді қалай толтыру қажеттігін іс жүзінде көрсетіп береді», – деді Еркебұлан Баяхметов.

Естеріңізге сала кетейік, жұмыс берушінің барлық бос орындар туралы мәліметтерді ұсыну жөніндегі міндеттері туралы ереже 1998 жылы «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңмен енгізілген болатын.

Қазіргі таңда есеп берудің екі түрі қолға алынып отыр. Бірінші түрі бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығына бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді үш жұмыс күні ішінде беруі тиіс. Тәжірибе көрсеткендей, бұған дейін орташа есеппен бизнестің 1300 субъектісі есеп берген.

«Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жаңа бұйрығы ескі ережелердің қолданыс аясын кеңейту мақсатын көздейді. Яғни, есеп берудің бір түрінің орнына, 2 түрі енгізілген. Енді кәсіпкерлер тек бос немесе жоспарланатын жұмыс орындары болған кезде есеп беруі тиіс. Егер, ондай мәліметтер орын алмаған болса, жұмыс берушілерге жұмыспен қамту орталығына барып, бос кесте берудің қажеті жоқ», – деді Өңірлік палата директоры.

Есеп беру мерзімі келесі есеп беру кезеңіне дейін, 1 сәуір мен 1 қазан аралығындағы мерзімнен кешіктірілмеуі қажет. Бір айта кетерлігі, әкімшілік жауапкершілік тек есеп берудің 1 түрі бойынша қарастырылған. Аталған ережені бұзған кәсіпкер он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

«Патент бойынша жұмыс жасайтын жеке тұлғалардың есеп беруіне келер болсақ. Салық кодексінің 429-бабына сәйкес, патент бойынша жұмыс жасайтын жеке тұлғалар жалдамалы қызметкерлер еңбегін тұрақты түрде қолданбайды. Демек, бос немесе жоспарланған жұмыс орындары туралы мәлімет беруге міндетті емес.

Қоғамда жоғарыда аталған бұйрықты кәсіпкерлік субъектілеріне түсіндіру әрі таныстыру жұмыстарын – Кәсіпкерлер палатасы жүргізуі тиіс деген пікір қалыптасуда. Тағы да ескерте кетейін, атқарушы органдардың құрылымдық бөлімдері басым бағыттарды дұрыс анықтауы тиіс. Оның ішінде, тұрғындар арасында ақпараттық жұмыс ұйымдастыру мәселесі де бар.

Әрбір жаңа нормативті құқықтық акт туралы кәсіпкерлерге ақпарат беру оны бекіткен мемлекеттік орган міндетіне кіреді. Ол «Атамекен» ҰКП міндетіне жатпайды», – деп атап өтті Еркебұлан Баяхметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер