«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ескерту хат негізсіз деп танылды

2016 жылғы 21 Шілде
- Қызылорда облысы
14022 просмотров

Кәсіпкерге салық төлеу туралы жіберілген ескерту хат негізсіз деп танылды

Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасы сотта «Агро-Центр» ЖШС мүддесін қолдап, құқығын қорғап қалды.

«Агро-Центр» ЖШС еліміздегі ірі астық өндіруші компаниялардың бірі. 1997 жылы құрылған компания бүгінде Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, өңдеумен және оны нарыққа шығарумен айналысады.

Жыл басында «Агро-Центр» күтпеген проблемаға тап болады. Компаниямен осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс жасаған кәсіпкерлік субъектісі жалған кәсіпорын ретінде танылып, «Агро-Центрге» қиындық тудырды.

«Агро-Центр» ЖШС 2011 жылы «Ак-АйЭнергоСтройИнжиниринг» ЖШС-мен электрмен жарықтандыру қызметіне қатысты жалпы құны 1 339 385 теңгеге екі келісім шартқа отырады. Тапсырысты орындаушы өз кезегінде қажетті жабдықтармен уақытылы қамтамасыз етіп, қызметті толықтай орындап береді.

Алайда 2016 жылдың қаңтар айында сот «Ак-АйЭнергоСтройИнжиниринг» ЖШС-ны жалған кәсіпорын деп таныды. Нәтижесінде Қызылорда қаласының Мемлекеттік кірістер басқармасы осы жылдың сәуір айында «Агро-Центр» ЖШС-не камералдық бақылау кезінде анықталған кемшіліктерді жою, яғни жалған кәсіпорынмен жасаған жұмыс кезеңіндегі тиісті салықтық төлемдер: ҚҚС мен КТС-ын төлеу жөнінде ескерту хатын береді.

ҚР Салық Кодексіне сәйкес шегерiмдердi салық төлеуші өзінің табыс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде жүргiзедi. Бұл шығыстар, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақтағы кезеңдердің шығыстарын қоспағанда, олар іс жүзінде жүргiзiлген салық кезеңiнде шегерiмге жатады. 

Қызылорда облыстық ауданаралық экономикалық сотында «Агро-Центр» ЖШС-нің мемлекеттік кірістер басқармасының ескерту хатының күшін жою туралы талап арызының негізінде азаматтық іс қаралды. Сот процесінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкердің өкілі ретінде қатысып, мемлекеттік кірістер тарапынан берілген ескерту хаттың заңсыз екендігін дәлелдеп шықты.

Нәтижесінде сот қалалық кірістер басқармасы тарапынан «Агро-Центр» ЖШС-не берілген ескерту хатты жарамсыз деп танып, кәсіпкермен төленген 10 605 теңге мемлекеттік баж салығын қалалық кірістер басқармасынан өндіру туралы шешім шығарды.  

Дегенмен сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер