«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Рустам Жүрсінов: «Үкіметтің салықтық бастамалары көлеңкелі экономиканың өсуіне алып келеді»

2015 жылғы 17 Қыркүйек
10488 просмотров

Үкімет жасаған ұсыныстың екі ұштылығы, салық саясатын жүзеге асыруда қандай да бір жүйеліліктің жоқтығы апатты салдарға алып келеді

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен қоғамдық тыңдауларда ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов осылай деп мәлімдеді.

Оның ойынша, көлеңкелі экономика етек алады, салық жинау азаяды, инвестициялық тартымдылықтың төмендеуі, отандық тауар өндірушілер өнімдерінің өзіндік құнының өсуі орын алады.

«Ұлттық палата осы жыл бойында Ұлттық экономика министрлігімен және Қаржы министрілігімен бірге қолданыстағы салық заңнамасын жетілдіру жөнінде көлемді жұмыстар жүргізді. 95 түзету ойдағыдай қаралып, оның ішінде 75-н ҰКП күллі бизнес атынан енгізді. Ұнамды, ашық, тіке, кейде ыңғайсыз әңгімелер жүрді. Алайда тамыз айында аталмыш заң жобасы басқа заң – салықтық және кедендік әкімшілік ету жөніндегі заңмен біріктірілді. Оның аясында бірқатар түбегейлі шаралар болжанады, атап айтқанда ҚҚС бойынша есепке алу шегінің 60 миллионнан 6 миллион теңгеге төмендеуі. Мемлекет бұл шекті 2005 жылы жоспарлы түрде 12 мың айлық есептік көрсеткіштен 15 мыңға дейін көтерген болатын, 2009 жылы - 15 мың АЕК-тен 30 мыңға дейін, ал енді 2017 жылдан бастап оны күрт он есе төмендетпекші. Бірізділік қайда?», - ҰКП басшысының орынбасары ұлттық экономика министрлігінің өкілдеріне осындай сұрақпен жүгінді. 

Рустам Жүрсінов салық заңнамасында жасалатын өзгертулерге сәйкес төлеушілер саны өседі деген пікірмен де келіспейді.

«Қолда бар деректеріміз бойынша, декларацияның жеңілдетілген формасын қолданатын жеке кәсіпкерлердің өзі ғана елімізде 397 мыңды құрайды, 180 мың шаруа қожалығы, 30 мың заңды тұлға. Ақырында, шамамен 600 мыңға жуық ҚҚС төлеуші осы есепті жүргізуге мәжбүр болғалы отыр. Бұл әрбір кәсіпорын ойлағанындай өткізе бермейтін ең күрделі есептердің бірі, және де шаруа қожалықтарының мұндай есеп жүргізе аларына сенімді емеспін», - деді ҰКП өкілі.

«Атамекен» Басқарма басшысының орынбасары сонымен қатар тағы бір салық бастамасына назар аударды: 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап сатуға салынатын салыққа көшу болжанып отыр.  

«Онда мынадай сауал туындайды: 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап сатуға салынатын салыққа көшетін болсақ, онда осы кезде шекті түсірудің қажеті қанша? Әлде екі салық қоса енгізілмекші ме? Әлемнің бірде-бір елінде ондай дүние жоқ!», - деп назаланды Рустам Жүрсінов.  

Палата басшысының орынбасары салықтың 5 пайыздан 12%-ға көтерілу мәселесін қозғай отырып, «аталмыш бастамада тұжырымдама жоқтығын, заң жобасы жоқтығын, әдіснамасының түсініксіз екенін және аталмыш бастамалар арасында өзара байланыстың жоқтығын» мәлімдеді.

«Яғни олар жеке-жеке енгізілуде. Біртұтас фискалдық көрініс жоқ. Егер осының бәрін жинақтайтын болсақ, онда салық жүктемесі коэффициентінің едәуір ұлғайғанын көруге болады», - деп түсіндірді Рустам Жүрсінов.

Ол тақырыпты жалғастыра отырып, арнайы салық режимдеріне қатысты да осындай жағдай орын алғанын атап өтті.

«Арнайы салық режимдерін жетілдіру жөніндегі бастамалар аясында «патент» режимін қолдану бойынша тұлғалар тобын шектеу, оны тек шағын бизнесте шектеу, шекті 300 ең төменгі жалақыдан 150-ге дейін (3 миллионнан 6 млн дейін) төмендету, жеңілдетілген декаларацияның күшін жою, шаруа қожалықтары, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін арнайы салық режимінің күшін жою ұсынылады. Оның орнына үдемелі мөлшерлемесі бар және табыстар әрі шығындарды жүргізумен жеке салық режимін енгізбекші. Және бұл да 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап. Біздің есептеулеріміз бойынша, салық жүктемесі коэффициентінің көбеюі мына салықтар бойынша ғана жүріп жатыр: жеке табыс салығы, корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік салық – үш және одан да көп есе. Оған қоса бөлшек саудаға салық салар болсақ, онда 12% мөлшерлемеде көбею 7 есе жүреді!», - деп мәлімдеді Рустам Жүрсінов.

ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының ойынша, Үкіметпен бірге қаржы-экономикалық үлгілерді қарап, барлық бастамаларды орта мерзімдік келешекке, ең құрығанда 2 жыл алға пысықтап қою қажет.

«Ойын ережесі күнде өзгеретін мұндай жағдайда бизнес қалайша ақша инвестицияламақшы?! Біз салық заңнамасының өзгерістерін талдап шықтық, олар көбіне әрбір апта сайын енгізіліп отырады. Салық кодексінің 400-ден астам бабына кері күш беріп отыр», - деп хабарлады Рустам Жүрсінов.  

ҰКП басшысының орынбасары бензин акциздерінің бөлшек саудада 4,5 мыңнан 10 мыңға және 5 мыңнан 11 мыңға дейін көбейгеніне қатысты мәселені де қозғады.

«Делдалдар мен өндірушілер мұны тауардың ақтық бағасына «жатқыза» салатыны бәріне белгілі. Алкоголь өнімі бойынша көбейту де осыған ұқсас. Алкоголь акциздерінің бірнеше жыл қатарынан көтеріліп жатқанын көріп жүрміз. Түсім төмендеуде», - деді ол.   

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары сонымен қатар бөтелкедегі өнімдер үшін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты болжалды көбейту жайлы мәселені де көтерді. Ол, шын мәнісінде, база өзгереді, деп санайды.

«Егер бұрын бұл өткізудің орташа бағасы болса, енді тоннажға көшу ұсынылып отыр. Осы өзгерістің нәтижесінде аталмыш салық бойынша салық жүктемесінің, біздің есептеуімізше, 40 еседен астам мөлшерге ұлғаюы жүреді. Негізінде, бұл тамақ өнеркәсібіне қауіп төндіреді. Ақтық өнім құнының қымбаттауы, есептеуімізше, 20-25 % құрайды. Бұның соңы неге әкеп соғады? Әрине, бұл отандық өнім үлесінің төмендеуіне байланысты импорттық өнімнің, әсіресе ресейлік өнімнің өсуіне, су сапасының төмендеуіне әкеледі. Ауыз суымыздың сапасын әрі құнының көтерілуін ескере отырсақ, біздің оймызша, бұл салмақты салдарға әкеп соғады. Алматыдағы «Coca cola», Астанада зауыттың салынуы, қолданыстағы өндірістерді кеңейту сияқты бірқатар инвестициялық жобалар тоқтатылады», - деп түсіндірді Рустам Жүрсінов. Ол осыған орай новациялар енгізу мәселесін пысықтаумен бірлесе отырып айналысуды ұсынды. ҰКП өкілінің пікірінше, мөлшерлеме судың 1 тоннасы үшін 3 %  айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

Рустам Жүрсінов сонымен қатар фискалдық саясатқа мән беруді ұсынады.

«Біріншіден, салық жүктемесінің коэффициенті әдістемесін келісу қажет. Біздің әріптестеріміз (ҚР ҰЭМ – авт.) салық 33% құрайтын Данияны мысалға келтіреді. Бірақ онда салық жүктемесінің коэффициентін төленген салыққа салынатын табысқа қарай санайды. Біздің әдістемеміз болса – төленген салыққа қарай болатын жылдық жиынтық табыс (ЖЖТ). Айырмашылық 60% құрайды. Егер біздің әдістемеміз бойынша көшірер болсақ, бұл коэффициент әлдеқайда төмен болады. Екіншісі – салық жүтемесінің ұзақ мерзімдік, аз дегенде, бесжылдық коэффициенті өлшемдерін келісу қажет. Оның аясында салық заңнамасын өзгертіп отыруға болады. Салықтың барлық түрлері бойынша қаржы-экономикалық үлгіні келісу қажет», - деп қорытты сөзін «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер