«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Зейнеткер үшін кім төлейді?

2015 жылғы 09 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
11023 просмотров

Бизнесмендер қалалық билік кесірінен айына 40 миллионнан астам теңге залал көреді

Тараз әкімдігі белгілі бір тұлғалар санатына автокөлікте тегін жол жүру құқығын берді, бірақ заңды өрескел түрде бұза отырып, ол үшін кететін шығынды автотасымалдаушыларға жүктеді. Бұл туралы Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық блогында хабарланды.

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы автобустық жолаушылар тасымалын субсидиялау тәжірибесіне мониторинг жүргізді. Нәтижесінде қала билігі жол беріп отырған көптеген бұзулар ашылды. Бұл ақпарат Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінде айтылды.

Жамбыл облысының аумағында жолаушылар және жүк тасымалдайтын 28 автокәсіпорын тіркелген. Жамбыл облысы әкімдігі Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған деректер бойынша, Жамбыл облысының әлеуметтік тұрғыдан маңызды автобус бағыттарын субсидиялау тек үш бағытта жүргізіледі: «Шу-Мойынқұм-Ақбақай», «Тараз-Шығанақ» және «Жаңатас-Жайлаукөл». Облыс орталығында автотасымалдаушылар субсидия алмайды.

Осы жылдың сәуір айында Тараз қаласы әкімдігінің қаулысымен қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікті және тегін жол жүру құқығы берілетін азаматтар санаты айқындалды (ҰОС ардагерлері, мүгедектер, көп балалы аналар, мектеп оқушылары, студенттер және басқалары). Заң жергілікті билік шешімімен орнатылған жағдайларда тасымалдаушыларды осы қалалықтар санатын тегін апаруға немесе жеңілдіктер беруге міндеттейді. Алайда «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13 бабына сәйкес, бұл жағдайда жергілікті билік қаржыландыру көзін анықтап, тасымалдаушылармен шарт жасасуға тиіс болатын.

«Қала әкімдігі қабылдаған қаулыда тегін жол жүруді қаржыландыру көзі туралы мәлімет берілмеген, сонымен қатар жолаушылардың аталмыш санатына қызмет көрсету бойынша тасымалдаушылармен шарт жасасу дерегі туралы ақпарат көрсетілмеген», - дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық блогы. – «Осылайша, қаулы мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмей отыр».

Уәкілетті мемлекеттік органдардан алынған деректерге сәйкес, 2,5 мыңнан астам Ұлы Отан соғысына қатысушы, шамамен 9,5 мың оқушы, 32 мыңға жуық студент пен басқа да тұлғалар жол жүру жеңілдігіне ие.

«Егер оқушылар мен студенттер айына орташа алғанда 50 рет, біршама белсенді азаматтар шамамен 100 рет жол жүреді деп алсақ, онда қарапайым есептеулер автотасымалдаушыларымыздың табысын толық алмайтынын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл айына шамамен 40 миллион теңге», - деп қорытты құқықтық блок сарапшылары.

Кәсіпкерлер палатасы Тараз қаласы әкімдігінің атына жағдайды анықтауды сұрап хат жолдады. Палата автотасымалдаушыларға қатысты заңның сақталуына қол жеткізбекші.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер