«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түйткілдеріңізді айтыңыздар, ал біз білімімізбен бөлісеміз!

2015 жылғы 07 Тамыз
- Алматы қаласы
9561 просмотров

Алматыда автомобильмен тасымалдаушыларға арналған құқықтық сауат ашу өткізілді

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Жетісу көлік прокуратурасымен бірге халықаралық «Сайран» вокзалында акция өткізіп, оның барысында автотасымалдаушыларға заңнамадағы соңғы өзгерістер жайлы, сонымен қатар қорғаныш құқықтары мен мүмкіндіктері жайлы айтып берді.

ӨКБ басқармасының аға прокуроры Назира Райханова кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар тарапынан тексерістерді жүзеге асыруға қатысты заңнаманың жекелеген нормаларын түсіндірді. Заңнамаға жасалған кәсіпкерлік қызметке қатысты толықтырулар мен өзгертулерге Мемлекет басшысы 2014 жылғы желтоқсан айында қол қойған болатын, ал осы жылдың 1 қаңтарында күшіне енді.

“Өзгертулер мемлекеттік бақылау және қадағалаудың барлық дерлік салаларында болды. Өзгертулер мен толықтырулар енгізілген нормативтік құқықтық актілер саны – бұл 11 кодекс және 94 заң. Олардың барлығы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігін көтеруге бағытталды. Түбегейлі өзгертулер қатарында – жоспарлы тексерістерден Тәуекелдерді бағалау жүйесі бойынша тексерістер ұйымдастыруға көшу, кәсіпкерлік субъектілерін сақтандыру мүмкіндігін, сонымен қатар тексерістерге балама ретінде қызмет аудитін енгізу. Бизнесті таратудың жеңілдетілген тәртібін енгізу, рұқсат алу кезіндегі мерзімді қысқарту және процедуралар санын қысқарту. Жекелеген құжат түрлерін нотариалдық куәландырудың күшін жою, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ролін күшейту, сонымен бірге кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша уәкілетті институтты енгізу», - деп түсіндірді аға прокурор.

Ол сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңға тексеруші лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қатайтатын айтарлықтай өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Мысалы, заңсыз тексерістер орын алған жағдайда лауазымды төмендету немесе қызметке толық сәйкес келмейтіні жайлы ескерту көзделеді.

“Кәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жүргізу кезінде заңды өрескел бұзу деректері орын алғанда прокуратураның ықпал етуінің тағы бір тетігі пайда болды. Ең маңызды өзгеріс – бұл Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетіне барлық мемлекеттік органдарды тексеруді үйлестіру функциясының берілуі. Уәкілеттіктің бұлай кеңейтілуін барлық мемлекеттік органдар қолдады”, - деп баса көрсетті Назира Сайханова.

Ол сонымен қатар бизнес өкілдерін жоспарлы тексерудің осы жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтатылғанын еске сала кетті. Тек ерекше тәртіптегі және таңдаулы тексерістер ғана жүргізілетін болады – балдық жүйе бойынша тексеріс парақтары негізінде. Алған балдарға қарай бизнес шамалы, орташа және жоғары деген сияқты түрлі тәуекел дәрежелеріне бөлінеді.

“Жоғары дәреже кәсіпкердің өте көп бұзушылыққа жол беретінінен хабар береді. Бұл дегеніміз бақылау органдарының мұндай кәсіпкерге басқаларға қарағанда жиірек, тоқсанына 1 рет келетінін білдіреді. Егер бұзуларыңыз аз болса, онда тексеруші орган сізге 5 жылда бір рет келуге құқылы. Аталмыш тексеру парақтары кәсіпкерлікті қорғау жөніндегі уәкілетті орган ретінде Кәсіпкерлер палатасымен алдын-ала келісуден өтеді. Осыдан кейін ғана бекітіліп, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады”, - дейді көлік прокуратурасының өкілі. Ол кәсіпкерлердің тексеріс жүргізу кезінде фото және бейне түсірілім жасауға құқылы екенін және қажет болған жағдайда бұл материалдарды сотта өзін қорғауға қолдана алатынын жеткізді.

Алматы ӨКП кәсіпкерлерді құқықтық қорғау бөлімінің бастығы Салтанат Лесбаева Палата функциялары мен оның негізгі миссиясы жайлы егжей-тегжейлі сөз қылды. “Біз кәсіпкерлердің құқығын қорғаумен, қандай да бір құжаттар алуға жәрдем көрсетумен айналысамыз. Мысалы, жақында бір кәсіпкердің қала аралық тасымалды жүзеге асыруына лицензия алуына көмектестік”, - деп бөлісті ол жаңалығымен.

Оның айтуынша, өтініштердің көп бөлігі салық органдары тарапынан заңсыз тексеріс жүргізілгеніне, шоттардың заңсыз оқшауландырылғанына, кәсіпкерлердің әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылғанына қатысты болады екен.

Салтанат Лесбаева қазір Палатаның автотасымалдаушылар түйткілдері бойынша, соның ішінде, келтірілген залал төңірегінде тығыз жұмыс жасап жатқанын атап өтті. “Алматы Жолаушылар тасымалы басқармасында тасымалдаушылар құқықтарын бұзу мәніне тексеру жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жұмыстағы кедергілерге қандай да бір тілектеріңіз не шағымдарыңыз болса, келіңіздер», - деді құқықтық қорғау бөлімінің бастығы. Палата өкілі автотасымалдаушыларға салық төлеу жөніндегі жадынамалар таратты, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысы жайлы және оның қандай қызметтер көрсететіні төңірегінде жан-жақты айтып берді.

Кәсіпкерлер иек астынан клиенттерді қағып әкететін, дәл өздерінің бағытында жұмыс жасап, салық төлемейтін заңсыз автотасымалдаушыларға шағым жасады. “Автобекеттерде бізді – ресми тасымалдашыларды – қуып тастайды, жолаушыларды отырғызуға мүмкіндік бермейді. Оларды автобекеттен алыс жерлерде отырғызуға тура келеді. Оның үстіне олар автобекет иегерлерінің жағына тұратын және қайдағы бір ұсақ-түйекке бола айыппұл сала салатын жол полициясы қызметкерлерімен байланыса отырып жұмыс жасайды”, - дейді көлікшілердің бірі.

Көлік прокуратурасының қызметкерлері бұған жауап ретінде ондай жағдайда мобильді прокурорлық топтарды шақыруды, не болмаса 115 бірыңғай нөмірімен Бас прокуратураға қоңырау соғуды ұсынды. Ал Салтанат Лесбаева Кәсіпкерлер палатасына өтінішпен жүгінуге кеңес берді.

Жалпы кездесу жемісті өтті. “Көптеген құнды ақпарат алдық”, - деп түйіндеді кездесуге қатысушылардың бірі.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер