«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еуразиялық экономикалық комиссияда мал дәрігерлік препараттарды өндірушілер мүддесін алға тартуда

2015 жылғы 13 Сәуір
14688 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аграрлық блогы Еуразиялық экономикалық комиссияға мал дәрігерлік препараттар айналымы саласындағы талаптарды барынша азайтуды ұсынды.

Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия Жұмыс тобының отырысына қатысқан ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен комитеті Хатшылығының сарапшысы Болат Сейсенов хабарлағандай, қазақстандық тараптың 20-дан астам түзетуі мал дәрігерлік препараттар айналымына бірыңғай ұстанымдар қалыптастыру жөніндегі құжаттар жобасын даярлауда ескерілді.

Оның айтуынша, ЕЭК жұмыс тобының отырысында Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында мал дәрігерлік қолданыс үшін дәрі-дәрмектер айналымына бірыңғай ұстанымдар қаралған. Сонымен қатар, ЕАЭО кедендік аумағында мал дәрігерлік дәрі-дәрмектер айналымын реттеу Ережесі жобасын түзету бойынша жұмыстың жалғасын табатыны аталды.

Болат Сейсенов атап кеткендей, «Атамекен» ҚР ҰКП АӨК Комитеті Хатшылығы мал дәрігерлік дәрі-дәрмектерді дәріханада даярлау процесіне қойылатын талаптарды жеңілдету жағынан ұсыныстар енгізді, себебі ұсынылған нормалар мал дәрігерлік препараттарды өндіру, тіркеу және сату саласында лицензиялар, сертификаттар беру процедураларын күрделендіруге бағытталған. ҰКП өкілдерінің ойынша, талаптарды шектен тыс асыру сындарлы емес, бизнес процестердегі қосымша төрешілдік сарсаңнан басқа, мал дәрігерлік препараттар айналымы және өндіру саласында еш әсерін бермейді.

Қазақстанда болса, қазірде лицензия түрлерінің азаю жағына тенденциясы байқалады, бұл да бизнесті жүргізуді анағұрлым жеңілдетеді.

«Қазіргі кезде біздің республикамызда лицензияның екі түрі ғана қалды. Бірінші жағдайда бұл мал дәрігерлік препараттарды өндіруге қатысты, яғни биофабрика не биокомбинат болсын, кәсіпорындар өз қызметін жүргізуге лицензия алуға тиіс. Және де екіншісі – бұл базарларда ет және соғым өнімдеріне мал дәрігерлік-санитарлық сараптама жүргізу құқығы», - деп түсіндірді Ұлттық палата сарапшысы. Болат Сейсеновтың ойынша, лицензияның бұл түрлері аталмыш салада бизнес жүргізуге жеткілікті, қалған жағдайларда рұқсат ету және жергілікті атқару органы тізіліміне енгізумен шектелу шешілді.

ҰКП өкілі ЕЭК жұмыс тобының отырысында Қазақстанда бұл тармақтың ұлттық деңгейде қалдырылмақшы екенін мәлімдеді. Белорусь Жұмыс тобы мен РФ АШМ өкілдері де қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың осы пікіріне келісіп отыр.

«Атамекен» ҚР ҰКП пікіріне құлақ асылып, қазірде ЕАЭО кедендік аумағында мал дәрігерлік дәрі-дәрмектер айналымын реттеу ережесі жобасына комиссия Жұмыс тобының қазақстандық өкілдері жариялаған ұсыныстарды енгізуде.

Сондай-ақ ЕАЭО кедендік аумағында GMP – ЕАЭО кедендік аумағы кеңістігінде мал дәрігерлік дәрі-дәрмектерге қатысты қолданылатын тиісті өндірістік тәжірибе ережесін енгізу мәселелерінде 2025 жылға дейін өтпелі кезең орнатуға да ЕЭК-ті көндіруге қол жеткізілді.

«Сарапшылар ЕАЭО Тиісті өндірістік тәжірибе ережесі (GMP) ЕАЭО кедендік аумағындағы мал дәрігерлік дәрі-дәрмектерге қатысты қолданылады деген пікірге келді. Сонымен қатар, мал дәрігерлік дәрі-дәрмектер айналымын реттеу ережесі бекітіледі және мал дәрігерлік дәрі-дәрмектерге GMP қатысты өтпелі кезең орнатылады, бұл отандық дәрі-дәрмек өндірушілердің өндірісін ЕАЭО тиісті өндірістік тәжірибесіне (GMP) біртіндеп көшуді жүзеге асыруына (2025 жыл) мүмкіндік береді», - деп түсінік берді Болат Сейсенов. Оның айтуынша, қазірде Қазақстандағы мал дәрігерлік саласында GMP енгізген бірде-бір кәсіпорын кездеспейді. Бұл біршама қымбат тұратын процедура, ал GMP стандартын қабылдаушы қазақстандық кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау немесе кепілдік қажет. Сонымен бірге, ҰКП сарапшысы хабарлағандай, Ресейде 30 кәсіпорын GMP енгізіп қойған.

Мәскеуде өткен ЕЭК отырысында ҰКП сарапшылары малды импорттау кезінде жануарлардың ерекше қауіпті ауруларын анықтау бойынша диагностикалық құралдарға қатысты тағы бір толғақты мәселені көтерді.

«Алыс және жақын шетелдерден мал импорттау кезінде жануарларда экзотикалық жұқпа болуына сезіктену төңірегінде жағдайлар туындап жатады. Мәселе тестілеудің болмауы себебінен диагностикалық зерттеу жүргізе алмайтындығымызда болып отыр. Оның үстіне, отандық заңнамаға сәйкес, тест жүргізу үшін тіркеуден өтуіміз қажет, ал бұл 3 айға дейін созылып кетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде жұқпа әкелінген малдың күллі тобына жайылып кетуі және олардың опат болуы мүмкін. Солтүстік Қазақстанда орын алған сәтсіз жағдай әлі де есімізде. Ол кезде Еуропадан әкелінген малдың Шмалленберг вирусын жұқтырғаны анықталған болатын. Ветеринарлар күмән астында қалып, ресейлік мамандар вирустық диарея жайлы нұсқаларын алға тартқан болатын. Осы жағдайдда басқа елдерде де диагностика жүргізіліп, уақыт өтіп кетті. Ақырында ҚР Үкіметі індетке жол бермеу үшін, барлық жұқтырған малдардың көзін құртуға қаулы шығарады», - деді Ұлттық палата сарапшысы. Ол сонымен бірге 700 ден астам ірі қараның өртелгенін айта кетті. 

Болат Сейсеновтың сөзіне сүйенсек, малмен байланыс кезінде қолданылатын екі диагностика түрі бар, бұл in vitro, және байланыссыз - in vivo, онда жұқтыру қаупі болмайды. «Атамекен» ҰКП сарапшылары ЕЭК-те диагностикадан in vivo тәсілін алып тастауды ұсынып, олардың пікірі ескерілді.

«Жұмыс тобы тікелей мал ағзасына қолданылатын (in vivo) мал дәрігерлік белгілеудегі диагностикалық құралдарды тіркеуге қатысты бірыңғай пікірді қабылдады. Мұндай диагностикалық құралдарға мал дәрігерлік дәрі-дәрмектерге қойылатын талаптарды оларға сәйкес талаптар мен процедураларды алға тартумен қолдануға шешім қабылданды. Диагностикалық құралдарға қатысты (in vitro) мүше мемлекеттердің өндіруге, сақтауға, өткізуге және т.б. қойылатын ұлттық талаптарын қолдану мүмкіндігімен Одақтың бірыңғай шекті талаптарын орнату шешілді», - деді Болат Сейсенов.

Ұлттық палата өкілі сонымен қатар 2019 жылға қарай ветеринария үшін дәрі-дәрмектерге фармакопеялық баптардың жеке томы дайындалатынын хабарлады. Бұл ЕАЭО мүше мемлекеттері фармакопеясын үйлестіруге мүмкіндік береді. Алайда бүгінгі күннің өзінде Одаққа мүше мемлекеттер аумағында тіркелген барлық мал дәрігерлік дәрі-дәрмектер туралы ақпараттан тұратын ЕАЭО қатысушыларының дәрі-дәрмектер мен азықтық қоспалар Бірыңғай тізілімі бар.

«Жобаға жасалған ескертулер мен ұсыныстардың барлығы дерлік Кеден одағы аясында мал шаруашылығында қолдануға арналған дәрі-дәрмектер мен азықтық қоспалар айналымын реттеу Ережесі жобасын қалыптастыру кезінде ескерілді. Жалпы, біз 20 өзекті ескерту мен ұсыныс енгіздік және олар Ереженің талқыланған редакциясының ақтық нұсқасына енгізілді», - деп хабарлады «Атамекен» ҚР ҰКП АӨК комитеті Хатшылығының сарапшысы Болат Сейсенов.  

Қарлығаш ЖҮСІПБЕКОВА 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер