«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алу қағидаларына өзгеріс енді

2019 жылғы 22 Шілде
- Қызылорда облысы
13508 просмотров

Осы жылдың 5 мамырында мемлекеттік сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Аталмыш өзгерістер 1 шілдеден бастап күшіне енді. Өзгерістер қандай саланы қамтыды? Қандай жаңалықтар бар? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әйгерім Рахымжановамен сұхбаттасқан болатынбыз. Назарларыңызға ұсынамыз.

- Сәлеметсіз бе, Әйгерім. Мемлекеттік сатып алу қағидаларына енгізілген өзгерістер жалпы қай саланы қамтып отыр?

- Сәлеметсіз бе. Қағидаға енгізілген өзгерістерді негізінен төрт топқа бөліп қарастыруға болады. Ол қаржылық орнықтылық, электрондық депозитарий, біліктілікті алдын ала іріктеу, тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге демпинг мәселесі. Қаржылық орнықтылық бірінші кезеңде тек құрылыс саласындағы сатып алуларда қолданылады. Қағидаға сай әлеуетті өнім берушілердің қаржылық орнықтылығына жаңа біліктілік талаптары қойылды. Бұдан былай қаржылық орнықтылық 4 өлшемге сай анықталады. Ол кәсіпкердің кірістері, төленген салықтары, негізгі құралдары, еңбек ақы қоры.  Бұл ақпараттар автоматты түрде Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінен алынып, веб-порталмен тексеріледі. Талап бойынша соңғы 3 жылда әлеуетті өнім берушінің кірістері, яғни айналым қаражаттары әлеуетті өнім берушінің қатысып отырған мемлекеттік сатып алу сомасының ½ бөлігінен кем болмауы тиіс. Мұнан өзге:

         - әлеуетті өнім берушінің төленген салықтары кірістің 3% төмен болмауы керек;

         - соңғы 3 жылда әлеуетті өнім берушінің негізгі құралдарының құны мемлекеттік сатып алуға бөлінген соманың 1/15 бөлігінен төмен болмауы тиіс;

         - әлеуетті өнім беруші жұмыскерлерінің еңбек ақы қоры соңғы 3 жылда мемлекеттік сатып алуға бөлінген соманың  1/15 бөлігінен төмен болмауы қажет.

- Расымен де біраз өзгерістер болып жатыр екен. Келесі өзгеріс электрондық депозитарийге қатысты айтып өтіңізші...

- Соңғы уақытта мемлекеттік сатып алу порталында өнім берушілермен берілетін ақпараттар анықтығына қатысты сауалдар туындап жүр. Сол нақты емес ақпараттарды беру фактілерін жою мақсатында веб-порталда кәсіпкердің жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтерді, құжаттарды қамтыған «Электрондық депозитарий» функционалы іске қосылды. Бұл дегеніміз мемлекеттік сатып алу веб-порталында қалыптасатын, әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін растайтын мәліметтер және құжаттардың электрондық дерекқоры. Мемлекеттік сатып алу саласында электрондық депозитарий қалыптасатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің тізбесіне Құрылыс-монтаждау жұмыстары мен Жобалау бойынша жұмыстар жатқызылады. Электрондық депозитарийге соңғы он жылдың ішіндегі құжаттарды әлеуетті өнім берушілер 31 қазаннан кешіктірмей, ал осы жылғы жұмыс тәжірибесін  31 желтоқсанынан кешіктірмей салу керек.

- Сұхбатымыздың басында мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың біліктілікті алдын ала іріктеу жүзеге асырылатынын да айтып едіңіз...

- Осы жылдың мамыр айында Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу конкурс тәсілі арқылы біліктілікті алдын ала іріктеу арқылы жүргізілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекітті. Тізбеге сай біліктілікті алдын ала іріктеу құрылыс-монтаж жұмыстарына, жиһаз өніміне, жеңіл өнеркәсіп тауарларына, сенімді бағдарламалық қамтасыз ету және электрондық өндірістік өнімдер Реестріне енгізілген бағдарлама қамтамасыз ету және электрондық өндірістік өнімдер тауарларына, «электрондық үкімет» объектілерін ақпараттандыру бойынша жасау және дамыту қызметтеріне қолданылады.

Осы жерде тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге қатысты демпинг мәселесіне тоқталып өткім келеді. Қағидаға сай жоба-сметалық құжаттар жасау, экспертизадан өткізу, ағымдағы жөндеу, техникалық бақылау жұмыстарынан басқа барлық жұмысқа 20% демпинг белгіленді. Енді, конкурстық баға ұсынымы 20%-дан төмен болса, жеңімпаздар анти демпингтік сомманы қамтамасыз етуге міндетті.

- Әйгерім, сұхбатыңызға рахмет. Жақсы, сау болыңыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер