«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жанат Сырбаеваның «бал өмірі». Үшжарма омарташыларының табыс оқиғасы

2018 жылғы 30 Қазан
- Жетісу облысы

Үшжарма ауылы Балқаш ауданының орталығы - Бақанас ауылынан 40 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 300-ге тарта адам тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі мал және ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Біраз уақыттан бері шалғай жатқан шағын ауылда бал шығара бастады.

 «Қазіргі таңда 40 ара ұясы мен 22 ара отбасы бар. Бір маусымда бір ұядан 20 келідей бал аламыз. Әр келісін 1500 теңгеге сатамыз. Араларға қолайлы жағдай туғызу үшін ЗИЛ жүк көлігін сатып алып, оны жабдықтадық», - дейді Жанат Сырбаева.

 Бұл - кәсіпкер Жанаттың әңгімесі. Ал Жолдасы Жексенбекпен бірге кәсіп бастап, шындап бизнеспен айналысып бастауға 25 жылдай уақыты кеткен. Осыншама жыл бойы Жексенбек Нұрбеков бал шаруашылығымен айналысып келеді. Бұған дейін аулада бірнеше ара ұялары болғанымен, оның тек кішкене бөлігін ғана сатылымға шығарған.

 «Бал шаруашылығын көбінше жолдасым жүргізді. Мен уақыт өте келе осы іспен айналыстым. Бал омартасын кеңейтіп, үлкен бизнес жасауға болады деп бұрын ойламаппыз. Мүмкіндік те, жағдай да болмады. Ақпарат құралдарынан «Бастау» жобасы туралы, кәсіп ашу үшін төмендетілген несие алуға болатынын оқып-білдік», - дейді кәсіпкер.

 Жыл басында Жанат Сырбаева «Бастау» кәсіпкерлік оқуына жазылды. Курс ауданда бірінші рет «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өтуде. Бір айға жуық мерзім ішінде Жанат өзге тыңдаушылармен бірге бизнестің қыр-сырын, тиімді жоспарлауды, маркетинг пен басқа да маңызды бағыттарды үйренді.

 Жоба бойынша оқыту тәмамдалған соң Жанат Сырбаева «Інжу» атты жеке кәсіпкерлігін ашып, несие алуға өтініш берді. Ол құны 4 млн теңге болатын бизнес-жоспар әзірледі. Біраз уақыттан кейін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаражатқа қол жеткізді. Бұл ақшаға отбасы көлік, жабдықтар мен қосымша ара ұяларын сатып алды.

 Алған білім мен тәжірибе зая кетпеді. Кәсіпкердің балды тұрақты түрде өткізіп тұратын орындары бар. Табиғи балды Балқаш ауданының тұрғындары сатып алып қана қоймай, өнім Алматы қаласына да жеткізіледі.  


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер