«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мағжан Ералиев: «Алтын сападан» кейін өнімімізге сұраныс артты»

2018 жылғы 08 Маусым
- Қызылорда облысы
4353 просмотров

Бұл туралы «Абзал және К» ТС-нің директоры Мағжан Ералиев Кәсіпкерлер палатасының алаңында болған семинарда айтты.

«Абзал және К» ТС-і 2017 жылдың қорытындысымен «Алтын сапа» сыйлығының иегері атанып, компания басшысы Мағжан Ералиев Мемлекет басшысының қолынан үздік сапа белгісін алған болатын.

Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсына қатысу талаптарын түсіндіруге арналған семинарда жас кәсіпкер табыс сырымен бөлісіп, үздік сапа белгісін алуға қалай қол жеткізгенін айтып берді.

«Алтын сапа» сыйлығын алуға біз тыңғылықты дайындалдық. Қойылған талап жоғары. Сондықтан да үздік екенімізді дәлелдеу барысында конкурстың сарапшыларына зауыттың жұмысынан бастап шығарып отырған өніміміздің сапасына дейін көрсеттік. Конкурс сарапшылары зауыттың тазалығынан бастап, мамандардың біліктілігі, оларға компания тарапынан жасалып отырған жағдай, техникалық қауіпсіздігі, тауарды қалай жолдаймыз, экспедиторлық қызмет қалай жолға қойылған, міне, осының барлығына қарады. Біз өндірген өнімдеріміздің 55 пайызын экспортқа шығарамыз. Атап айтқанда, ақталған күріш пен жарманы Ауғаныстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Монғолия, Ресей, Украинаға экспорттаудамыз. Өнімімізде «Алтын сапа» таңбасының болуы біз үшін үлкен мәртебе, - дейді Мағжан Ералиев.   

Компания жақында Индияда күріш қабының жаңа дизайнын жасатқызыпты. Қап сапасы өнімнің де сапасына әсер етеді екен. Жаңадан әзірленген қап біріншіден, өздігінен құламайды, екіншіден, қаптың аузын ашып, қайта жауып қоюға да болады. Бұдан күріштің сапасы төмендемейді. Жаңа қаппен күріштің сапасы да артқан, яғни қап ішіндегі күріштің сынуы азайған.

«Қазір бізде маркетинг өте жақсы жұмыс жасауда. Жаңа өнімімізге сұраныс артты. Тауарды эскпорттау барысында алушы компаниялар «Алтын сапа» таңбасын көріп, біз туралы, жеңісіміз туралы ақпарат құралдарынан көріп, оқып, қуаныштарын жеткізуде. Бүгінде біздің компаниясызға шет елдік әріптестеріміздің қызығушылығы артуда. Шет елден қосылған тұтынушыларымыздың қатары артты», - дейді «Алтын сапа» иегері.

Айта кету керек, «Абзал және К» ТС-і күрішті өздері өсіреді, ол үшін арнайы егіндік жерлері де бар, өздері өңдеп, экспортқа шығарады. Мұнан өзге, компания Қызылорда облысындағы Нағи Ілиясов ауылына қамқорлықтарына алып, инвестиция құйды. Жаңадан әлеуметтік нысандар салып, ауылды абаттандырды. Нәтижесінде бүгінде ауыл республика көлеміндегі озық ауылдар қатарында.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер