«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкерлер «Атамекенім» акциясын қолдайтындықтарын жеткізді

2017 жылғы 22 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
4650 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жүзеге асырып жатқан «Атамекенім» акциясына қызылордалық кәсіпкерлер қолдау көрсетуде

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды.  Баспасөз мәслихатында Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға және қайырымдылық мәдениетін жүйелі дамыту мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» жалпыреспубликалық акциясын бастағандығын айта отырып, акция арқылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру көзделіп отырғандығын жеткізді.

 Палата басшысы акция аясында қолға алынатын 4 негізгі бағытқа тоқталып өтті.

БІРІНШІ: Әлеуметтік мәселелер реестрі Нақты мәселелерді шешуге, жалпы кәсіби қайырымдылықты дамытуға бағытталған атаулы қайырымдылық жобасын жүзеге асыру үшін Әлеуметтік мәселелер реестр жасалады.

ЕКІНШІ: Моральдық көтермелеу шаралары арқылы бизнесті ынталандыруды күшейту «Парыз» мемлекеттік наградасын беру ұсынылып отыр.

ҮШІНШІ: Қайырымдылықты ынталандырудың экономикалық шаралары Салық кодексінде белгілі бір жеңілдіктер қарастырылған. «Атамекенім» акциясы арқылы осы мәселеге қатысты ұсыныстар мен кеңестерді айтуға болады.

ТӨРТІНШІ: Кәсіпкерлік зердені дамыта отырып жаппай кәсіпкерлікке оқыту.  

 Баспасөз мәслихатына қатысқан білім меценаты, «Нұрай» ЖШС-нің директоры Сейітқали Алшынбаев: «Әрбір азамат қоғамға қызмет жасаған кезде ертеңгі күні қайтымы болады деген ниетпен жасамайды. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жақсы қолдау көрсетілуде. Мұны біз кәсіпкерлер жақсы түсінеміз. Біздің «Нұрай» ЖШС-і осы уақытқа дейін 4 балабақша аштық. Мұнан өзге Қызылорда қаласындағы Досан ауылына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 100 орындық мектеп салып бердік. Бірақ біз өзімізід білім саласына қаржы емес жүрегімізді салып жұмыс жасап жатырмыз деп айтамыз. Себебі бұл шарамыздың барлығы ертеңгі күнімізге, болашақ ұрпағымызды тәрбиелеуге қосып жатқан үлесіміз», - деді.

 «Сана-Сезім Орталығы» ЖШС директоры Раушан Базарбай акцияны қолға алған «Атамекен» ҰКП-на алғысын білдіріп, қайырымдылық қазақтың қанында бар қасиет екендігін айта отырып, жақсылықты шын жүрекпен жасауға шақырды.

 Ал Қызылорда қызмет және сервис колледжінің директоры Тәшім Оразбекұлы колледжді күрделі жөндеу үшін қажетті жоба-сметалық құжаттар бизнес өкілдерімен жасалып, нәтижесінде бюджеттен бөлінген қаржыға материалдық-техникалық базасы жақсартылғандығын жеткізді.

  Шара барысында қатысушылар аймақтың іскер азаматтарын акцияға атсалысуға шақырды.

Айта кету қажет, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Facebook әлеуметтік желісінде жалпыға ортақ «Атамекенім» тобын ашты. Бұл топ әлеуметтік жауапкершілік танытып, қоғам мәселесін шешу үшін атсалысуға дайын, кәсіпкерлер мен азаматтарға арналған. Акция мен форумның қорытындысы бойынша «Атамекен» бизнесті әлеуметтік жауапкершілік танытуға ынталандыру бойынша ұсыныстар топтамасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер