«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП алаңында туризм саласы бойынша мемлекет пен бизнес арасындағы жүйелі әріптестік нығаюда

2026 жылғы 27 Қаңтар
548 просмотров

Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың туристік индустрия өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шараға салалық қауымдастықтардың басшылары, туризм бизнесінің өкілдері және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қатысты. Кездесудің негізгі тақырыптары туризм саласын дамыту тұжырымдамасын жаңарту, сондай-ақ туризмді жүйелі дамытуға және мемлекет пен бизнес арасындағы үйлестіруді күшейтуге бағытталған басым бастамаларды іске асыру мәселелері болды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бизнес өкілдерімен кездесуде сала өкілдерімен ашық әрі мазмұнды диалог жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

«Бұл кездесу – ең алдымен ашық әрі нақты диалог алаңы. Біз үшін саланың кәсіби пікірін есту және практикада нақты жұмыс істейтін шешімдерді бірлесіп айқындау маңызды. Туризм – көлік пен құрылыс, медицина мен судағы қауіпсіздік сияқты көптеген салалардың тоғысқан тұсы. Ал мұндай жағдайда тиімділік тек үйлесімді жұмыс арқылы ғана қамтамасыз етіледі. Сондықтан біз үйлестіру кеңесін құру, өңірлер бойынша жауапкершілікті бекіту, KPI қалыптастыру және жүйелі бақылау туралы үнемі айтып келеміз. Егер бұл жұмысты бастасақ, оны соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе туристік дестинацияларға апаратын жолдар да, инфрақұрылымдық жобалар да, қауіпсіздік мәселелері де күткен нәтижені бермейді», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Кездесу барысында министр бизнес-қоғамдастыққа «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының жаңа басшысы Талғат Ғазизовты таныстырды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының өңірлердегі ірі мәдени-туристік іс-шараларды іріктеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қалыптасқан жыл сайынғы негізгі оқиғалар күнтізбесін таныстырды.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Президиумының Туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева ведомствоаралық жүйелі үйлестірудің маңыздылығын атап өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру, турөнімдер желісін толықтыру, оларды жүйелеу және өңірлерде ауқымдау, сондай-ақ стандарттау, инфрақұрылым және өңірлік брендинг мәселелерін шешу үшін Kazakh Tourism-мен бірлескен жобалық офис құруды ұсынды.

«Бүгінде салада медициналық, спорттық, экотуризмнен бастап қалалық форматтарға дейінгі ауқымды турөнімдер пулы қалыптасты. Біздің міндет – оларды жай ғана тізбелеу емес, жүйелі түрде жетілдіру, реестр мен күнтізбе қалыптастыру және табысты шешімдерді өңірлерге тарату. Ол үшін ұлттық палата және Kazakh Tourism-мен бірлесіп, талқылаудан нақты іске көшуге және нәтижелер бойынша есеп беруге мүмкіндік беретін тұрақты жұмыс алаңы қажет», – деді Юлия Якупбаева.

Кездесу барысында бизнес-қоғамдастық өкілдері туризм саласын дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, орналастыру орындарын, оның ішінде қонақ үйлер мен қонақ үй іспеттес үйлерді жіктеу, туристік инфрақұрылымды стандарттау және санитарлық тораптарды қоса алғанда, базалық жайлылық жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту және балалар лагерьлерінің қызметі жеке талқыланды. Курорттық аймақтардың өкілдері инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрақты ұялы байланыспен қамтамасыз ету және жер телімдерін бөлу қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, жағажай туризмі, қонақүй бизнесін дамыту, сервис сапасы мен қауіпсіздік деңгейін арттыру, туристерді тарту және тұрақты туристік ағын қалыптастыру мәселелері талқыланды.

«Атамекен» ҰКП Туризм департаментінің басқарушы директоры Дәмиля Құнанова өңірлерде туризмді дамытуға ерекше назар аударып, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

«Әкімдердің туристік инфрақұрылым құру, инвестиция тарту және туристік ағынды арттыру бойынша KPI-ін енгізуді ұсынамыз. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігіне бизнес өкілдерімен конструктивті диалог ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз», – деді Дәмиля Құнанова

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар туризм саласында мемлекет пен бизнес арасындағы негізгі әріптес алаң ретінде «Атамекен» ҰКП шеңберінде жүйелі өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады. Қатысушылар ашық диалогты жалғастырудың және өңірлерде туризмнің орнықты дамуына бағытталған бастамаларды практикалық тұрғыда бірлесіп іске асырудың маңыздылығын айтты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174