«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП адал бизнесті қолдау мақсатында қазақстандық тауар өндірушілердің реестрін белсенді түрде енгізуде

2026 жылғы 26 Қаңтар
936 просмотров

Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстандық тауар өндірушілердің мемлекеттік ақпараттық жүйесі – «Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін» (ҚТӨ реестрі) енгізу және оның жұмыс істеу мәселелері бойынша Қанат Шарлапаевтың төрағалығымен кеңес өткізді. «Атамекен» басшысы атап өткендей:

«Реестрді енгізу жұмысы нақты тауар өндірушілер мен кәсіпкерлерді қолдауға ғана бағытталған. Ұлттық палата үшін реттелетін сатып алуларға жалған өндірушілерді қатыстырмай, керісінше шынайы өндірісті дөңгелетіп отырған бизнеске қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды».

 

Жиынға ҚР Премьер-Министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Энергетика министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП салалық департаменттерінің директорлары қатысты.

Бүгінде индустриялық сертификаттар тетігі арқылы қазақстандық тауар өндірушілердің реестріне 1 924 кәсіпорын енгізілді. Жүйеде 4 601 компания авторизациядан өтті, барлығы 8 697 өтінім берілген. Өтінімдерді қарау нәтижесінде 413 субъектіден түскен 1 655 өтінім тіркелді, оның ішінде 236-сы — индустриялық сертификат иелері. Сонымен қатар 355 кәсіпорыннан түскен 1 803 өтінім қабылданбады.

Өтінімдерді кері қайтарудың негізгі себептері технологиялық операциялардың сәйкессіздігі, бейнематериалдардың болмауы, ішкі нарықтағы қосылған құн үлесі туралы мәліметтердің, өндірістік қуаттылық жөніндегі деректердің жоқтығы, цифрлық верификация көрсеткіштерінің төмендігі, ТЖК БНА және ЭҚТӨЖ кодтарының сәйкес келмеуі, сондай-ақ сәйкестікті бағалау жөніндегі міндетті құжаттардың ұсынылмауымен байланысты. Өтінім беру кезінде кейбір компанияларда техникалық ақаулар туындауы мүмкін (операциялық жүйенің ескірген нұсқасын пайдалану, браузер кэшінің тазартылмауы немесе ақпараттық қауіпсіздік жүйесіндегі шектеулерге байланысты). Мұндай барлық өтініштер жедел түрде техникалық қолдау қызметі тарапынан қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Ұлттық палата Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен реестрді жетілдіру, техникалық ақауларды жою және оның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында белсенді диалогты жалғастыруда. Жаңа компанияларды тіркеу күн сайын жүргізілуде. Реестрге тәулігіне 100-ге дейін өндіруші қосылуда.

ҚТӨ реестрінің негізгі мақсаты – ашық әрі әділ нарық қалыптастыру, формалды немесе жалған өндірушілердің қатысуын болдырмау және қазақстандық адал тауар өндірушілердің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Ұлттық палата отандық бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау үшін реестрдің тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жалғастыра береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174