«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан Үкіметі шағын бизнесті қолдауға арналған «Таза парақ» бағдарламасын іске қосуда

2026 жылғы 26 Қаңтар
2982 просмотров

Мемлекет салықтық тексерулер жүргізуге уақытша шектеулер енгізеді

Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру және кәсіпкерлікке әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ҚР Үкіметі микро және шағын бизнес субъектілері үшін салықтық әкімшілендіруді түбегейлі түзетуге бағытталған шаралар кешенін бекітті.

Реформаның негізгі құралдары ретінде бизнесті таратудың жеңілдетілген рәсімдерін енгізу және ауқымды салықтық амнистия жүргізу көзделіп отыр.

Қабылданған шешімдерге сәйкес:

• Кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан және 2026 жылғы 1 сәуірге дейін өтелген салық берешегі болған жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдар төлеуден босатылады.

• Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне уақтылы қойылмағаны үшін салынған айыппұлдар есептеен шығарылады.

Аталған қағидалар жобалары «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқыға ұсынылды. Құжаттар биыл ақпанның басында күшіне енеді деп күтілуде.

Бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекет тарапынан тексерулерге уақытша шектеулер енгізіледі:

• 2025 жылдың 17 желтоқсанына дейін тапсырылған есептіліктер бойынша тексерулер тоқтатылады, резидент емес тұлғалардың операциялары мен ҚҚС қайтару жағдайлары бұған кірмейді.

• 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін қылмыстық істер аясында немесе прокуратураның сұрауы бойынша жүргізілетін тексерулерден басқа жаңа көшпелі тексерулер тағайындауға тыйым салынады,

Әкімшілік қысымды төмендету

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық органдары өткен кезеңдерде жасалған ШОБ мәмілелері мен тіркеулерін жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар беруді тоқтатады. Сондай-ақ, есептілікті кеш тапсыру және ҚҚС есебіне қатысты бұзушылықтар бойынша әкімшілік істер қозғау тоқтатылады.

«Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша қазір 2026 жыл бойы микро және шағын бизнеске жаңа өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептемеу мәселелері қосымша пысықталуда. Бұл кәсіпкерлерге жаңа талаптарға қаржылық қысымсыз бейімделуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

«Таза парақ» бағдарламасы бизнесті «көлеңкелі» аймақтан шығаруға және мемлекет пен жеке сектор арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. 2025 жылдың 17 желтоқсанын шекті мерзім ретінде белгілеу өткен жылдың соңғы тоқсанындағы есептіліктің ашықтығын қамтамасыз етіп, оңайлатылған режимді теріс пайдалану тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП аталған шараларды қолдайды. Қазір бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған ҚР жаңа Салық кодексіне қажетті өзгерістерді әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174