«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жеке білім беру ұйымдарына өзін-өзі бағалау және мемлекеттік аттестаттаудан өту талаптары түсіндірілді

2026 жылғы 19 Қаңтар
- Қарағанды облысы
1209 просмотров

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу және жыл сайынғы өзін-өзі бағалау мәселелеріне арналған түсіндіру семинары өтті. Іс-шараға өңірдегі жекеменшік мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Түсіндіру жұмыстарын Қарағанды облысының білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат Мусин жүргізді.

«Өзін-өзі бағалау — міндетті рәсім және жыл сайын өткізіледі. Мемлекеттік аттестаттаудан өтетін жылы ол кешенді тестілеу мен сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте ұйымның алдыңғы екі оқу жылы мен ағымдағы оқу жылындағы қызметі бағаланады», — деді Санат Мусин.

 

Оның айтуынша, өзін-өзі бағалау мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және бекітілген бағалау критерийлеріне сәйкестік негізінде жүргізіледі. Өзін-өзі бағалау нәтижелері бойынша дайындалған қорытынды есеп білім беру ұйымы бойынша тұтастай рәсімделіп, педагогикалық кеңес отырысында қаралады.

«Өзін-өзі бағалау туралы есеп департаментке ұсынылып, білім беру ұйымының ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік аттестаттау басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын орналастырылуға тиіс. Бұл — міндетті талап», — деп атап өтті ол.

Семинар барысында сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог кадрларына қойылатын біліктілік талаптары, оқу жоспарлары мен оқу-әдістемелік кешендерге қойылатын талаптар, материалдық-техникалық база, медициналық қамтамасыз ету, тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ санитариялық, өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғаныс нормаларын сақтау мәселелері жан-жақты түсіндірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушыларға білім беру ұйымдарының мемлекеттік аттестаттаудан өтуге дайындығын арттыруға, сондай-ақ білім беру процесінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған практикалық ұсынымдар берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174