«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жүйе қатесі ме, әлде адами фактор ма? ШҚО-да мемлекеттік сатып алу нәтижелері дауда

2025 жылғы 25 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
1874 просмотров

ШҚО Кәсіпкерлер палатасына «Сенім» мүгедектер қоғамы» ҚБ тарапынан мемлекеттік сатып алу кезінде орын алған бұзушылықтарға қатысты өтініш түсті. Поставщиктің айтуынша, веб-порталда техникалық ақаудың пайда болуы даулы жағдайға әкелгендіктен, оны шешуге жәрдем көрсетуді сұрайды.

Бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде қаралды.

Поставщиктің ақпаратынша, «Полиграфиялық өнімді дайындау/басып шығару бойынша полиграфиялық қызметтер» лоты бойынша конкурсқа өтінім берген кезде техникалық ақау орын алған. Соның салдарынан жүйе бірден үш қатысушының ұсынған бағаларын қате көрсеткен. Бұл конкурс нәтижесіне тікелей әсер етіп, қате қорытынды хаттаманың қалыптасуына себеп болды.

Кеңесте мәлімделгендей, қорытынды хаттамаға сәйкес «Сенім» мүгедектер қоғамы» ҚБ бірінші орынды алған. Алайда ұйым өкілдері өздерінің өтінімде көрсеткен бағасы хаттамада көрсетілген бағадан айтарлықтай жоғары болғанын айтады. Осындай сәйкессіздіктер басқа қатысушыларға қатысты да анықталған.

Поставщик мемлекеттік сатып алу веб-порталы «FinQoldau» техникалық қолдау қызметіне жүгінгеннен кейін, оларға ешқандай ақау анықталмағаны туралы жауап берген: «Поставщиктің бағасы – 2025 теңге, техникалық қате анықталған жоқ».

Сонымен қатар осы лот бойынша Тапсырыс беруші болып табылатын ШҚО Полиция департаменті де қорытынды хаттамаға түзету енгізбеген.

Поставщиктен бөлек, басқа қатысушылар бойынша да қате мәліметтер көрсетілген. Ұйымдар техникалық ақаудың болғанын растап, мұндай бағалармен келісімшартты орындау мүмкін еместігін мәлімдейді.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік сатып алу порталындағы техникалық ақаулар жүйелі сипатқа ие екені атап өтілді. Бағдарламалық қамтамасыз етудегі бұзушылықтар конкурстардың дұрыс өткізілуіне кедергі келтіріп, кәсіпкерлер үшін тәуекелдер тудырады.

Мүгедектер қоғамы жүйе автоматты түрде оларды адал емес жеткізуші деп танымас үшін келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болған, алайда мұндай бағада келісімшартты орындау мүмкін емес.

ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, олар сатып алуды да кері қайтара алмайды, өйткені бұл қызмет оларға қажет.

«Егер техникалық қолдау қызметі сол уақыт аралығында жүйеде ақау болғаны жөнінде анықтама бергенде, сатып алуды жоюға болар еді. Бірақ олар жүйе штаттық режимде жұмыс істеді деп сендіреді», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Сонымен қатар келісімшарт сомасын ұлғайту үшін қосымша келісім жасау да мүмкін емес.

Кеңес отырысында мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытынды хаттамасын даулау үшін сотқа талап арыз беру, кейін тараптар арасында келісімшарттың құнын арттыру немесе оны бұзу жөнінде медиативтік келісім жасасу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасына талап арызды дайындауға және сотқа тапсыруға жәрдем көрсету тапсырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174