«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағанды облысы кәсіпкерлерімен кездесу: жаңа салық кодексінің нормалары түсіндіріледі

2025 жылғы 23 Қазан
- Қарағанды облысы
375 просмотров

Қарағандыда өңір кәсіпкерлері үшін Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шара 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру мақсатында облыстық Кәсіпкерлер палатасының алаңында ұйымдастырылды.

Кездесуде Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Сүлейменов баяндама жасап, әкімшілендіруді жеңіл етуге және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған салық жүйесіндегі негізгі өзгерістерге тоқталды. 

«Жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – салық жүйесін түсінікті, болжамды және әділ ету.Біз жұмыстық сервистік моделіне көшіп, артық бюрократиялық рәсімдерді қысқартамыз. Енді кәсіпкерлер есептіліктен гөрі өз ісін дамытуға көбірек көңіл бөле алады», – деді Азамат Сүлейменов.

2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығына прогрессивті шкала енгізіледі: жылдық табысы 35 млн теңгеге дейінгі тұлғалар үшін 10%, ал осы сомадан асқан табысқа 15% мөлшерлеме қолданылады. Әлеуметтік сала үшін корпоративтік табыс салығы төмендетілген мөлшерде белгіленеді – 2026 жылы 5%, 2027 жылдан бастап 10%. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 3%, кооперативтер 6% мөлшерінде салық төлейтін болады.

Негізгі өзгерістердің бірі – қосылған құн салығы жүйесін жаңарту. 2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 16% болады, ал медицина мен фармацевтика салалары үшін жеңілдетілген 5% және 10% мөлшерлемелер қарастырылған. Сонымен қатар, ҚҚС есептеу мен қайтару тәртібі жеңілдетіліп, бірыңғай тану күні – тауар, жұмыс немесе қызметті алу күні ретінде белгіленеді.

Маңызды жаңалықтардың қатарында салықтық әкімшілендіруді цифрландыру бар. Электронды шот-фактураларды автоматты бақылау енгізіледі, салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарады, декларациялар алдын ала толтырылады, ал қағаз түріндегі ағымдағы төлем есептері алынып тасталады.

«Біз артық есептіліктен және формализмнен бас тартамыз. Егер декларация уақытында тапсырылмаса, ол нөлдік болып есептеледі. Барлық түзетулер қосымша декларация арқылы енгізіледі. Бұл бизнеске түсетін жүктемені азайтып, процесті барынша ашық етеді», – деп атап өтті Азамат Жаңабергенұлы.

Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға арнайы салықтық режимдерді қолдану тәртібі түсіндірілді. 2026 жылдан бастап үш режим ғана қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, жеңілдетілген декларация негізінде және шаруа қожалықтары үшін. Шағын бизнес жылдық табысы 2,5 млрд теңгеге дейін болса, жеңілдетілген режимде жұмысын жалғастыра алады. Мәслихаттардың шешімімен салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бар.

Кездесу барысында кәсіпкерлер тексеру мерзімдері, камералдық бақылау тетігі және талап қоюдың ескіру мерзімі бойынша сұрақтар қойды. Мемлекеттік органдар өкілдері барлық нормаларды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Жалпы, кездесу ашық диалог алаңына айналып, конструктивті сипатта өтті. Жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру кәсіпкерлерге алдағы өзгерістерге алдын ала дайындалып, өз қызметін жаңартылған жүйеге бейімдеуге мүмкіндік береді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174