«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ШОБ үшін оңайлатылған салық режимін сақтап қалуға қол жеткізді

2025 жылғы 17 Қазан
2088 просмотров

Мемлекет бизнес үніне құлақ асты! Барлық кәсіпкердің өтініштері ескеріліп, теңгерімді шешім қабылданды.


Жұмыс барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның барлық өңірі мен бизнес салаларынан келген жүздеген өтінішті өңдеп, біріктірді. Кәсіпкерлік қауымдастық бірлескен күш-жігердің арқасында шағын және орта бизнес мүддесіне сай маңызды шешімге қол жеткізді. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға қойылған шектеулер тізімі айтарлықтай қысқартылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді. Бұл нәтижеге тәуекелдерді уақтылы анықтап, бизнес пікірін біріктіре білген әрі мемлекеттік органдармен сындарлы диалог орната алған «Атамекен» ҰКП-ның, салалық қауымдастықтар мен сарапшылардың нақты және табанды еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Бұған дейін ұсынылған тыйым салынған қызметтердің кеңейтілген тізімі кәсіпкерлер арасында үлкен алаңдаушылық туғызған болатын.


Палата осы мәселе бойынша мемлекеттік органдармен дереу диалог орнатып, даулы нормаларды жан-жақты пысықтау бастамасын көтерді. Салалық қауымдастықтар, сарапшылар мен министрліктердің қатысуымен теңгерімді шешім әзірленді. Нәтижесінде, тыйым салынған қызметтердің тізімі қолданыстағы заңнамаға сәйкес 44-ке дейін қысқартылды.
Бұл шешім оңайлатылған салық режимін қолдану мүмкіндігін сақтап қалатын ондаған мың кәсіпкерге тікелей әсер етеді.


Алайда жұмыс мұнымен тоқтап қалған жоқ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес үшін «таза парақтан» тәсілімен салықтық әкімшілендіру енгізіледі. Ол бойынша салықтық тексерулер мен камералдық бақылаудың толық күшін жою, мәмілелер мен тіркеулерді жарамсыз деп тану туралы сот істерін алып тастау, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдарды есептен шығару (негізгі қарызды 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтеген жағдайда) көзделген.
Бұл қадамдар – реформаларды жұмсарту ғана емес. Бұл – нақты айқын белгі! Мемлекет бизнес үніне құлақ асуға дайын, ал «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің үнін нақты шешімдерге айналдыратын байланыстырушы буын болып қала бермек.

Ұлттық палата Қазақстан экономикасы үшін мемлекет пен бизнес арасындағы диалогтың маңызды рөлін айқындады. Оңайлатылған режимнің сақталуы және «таза парақ» жүйесінің енгізілуі – кәсіпкерлер мүддесінде қол жеткізілген нақты әрі өлшенетін нәтиже.


«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әрі қарай да реформалардың әрбір қадамы шынайы іскерлік тәжірибені ескере отырып жасалуы үшін жұмысын жалғастыра береді. Бизнеске құлақ асу керек тұста – Палата оның үнін айқын, нақты әрі табысты түрде жеткізе бермек!
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174