Орнықты даму және ESG жөніндегі кеңес 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі Жол картасы жобасын талқылады
Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» ҰКП жанындағы Орнықты даму және ESG жөніндегі кеңес алаңында Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыру жөніндегі Жол картасының жетілдірілген жобасын ұсынды.
Отырыс басында Кеңестің жаңа мүшелерін қарсы алу өтті. Олардың қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошманбетов, сондай-ақ Freedom Holding Corp., University Medical Center, Ritz-Carlton Astana, Chapter Zero Kazakhstan және басқа да ұйымдардың өкілдері бар. Кеңес төрайымы Юлия Якупбаева құрамның кеңеюі ESG-күні тәртібіне қатысуға деген жоғары қоғамдық сұранысты көрсететінін және алаң жұмысына қосымша серпін беретінін атап өтті.
Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев құжат климаттық стратегияны іс жүзінде іске асырудың негізгі құралы болып табылатынын және экономиканың барлық негізгі секторларын қамтитын 179 іс-шараны көздейтінін атап өтті.
«Қазіргі уақытта біз жобаны пысықтау үшін ұсыныстар мен ескертулер жинау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – барлық пікірлерге мұқият талдау жасап, құжатты мүдделі тараптардың ұстанымдарын ескере отырып бейімдеу. Жобаны пысықтау қорытындысы бойынша ол Үкіметке ұсынылады. Біз бизнестің осы құжаттан күткенін түсінеміз және оны орынды мерзімде келісуді жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Асан Дарбаев.
Кеңес төрағасы Юлия Якупбаева құжат бір жарым жыл бойы дайындалғанын, оны келісуге түрлі салалардан 300-ден астам сарапшы қатысқанын атап өтті.
«Біз уақыт өте келе жобаның мазмұны өзгеретінін түсінеміз, өйткені құзыреттер деңгейі мен қатысушылық артады. Біздің міндетіміз – даусыз шараларды бекіту, ал салалық және даулы консультациялар үшін Кеңес алаңын ұсынуға дайынбыз. Бізге Энергетика министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің іс-шараларын нақтылау үшін осындай консультациялар қажет болады деп ойлаймыз. Сондай-ақ Жол картасын қабылдағаннан кейін оның ведомствоаралық сүйемелдеуі маңызды. Кеңес ҰЭМ жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобына белсенді қатысуға дайын», — деді ол.
Отырысқа қатысушылар «greenwashing»-ге қарсы шараларды 2026 жылға ауыстыруды, Жол картасын 5-10 жылдық кезеңдерге құрылымдауды, индикаторлар мен инвестициялық қажеттіліктерді нақтылауды, сондай-ақ ядролық энергетика, өңірлік даму, стандарттау, әділ өтпелі кезең және орнықты қаржыландыру бойынша жеке бөлімдерді қосуды қажетті деп атап өтті.
Салалық нақты ұстанымдар да айтылды. Мысалы, цемент өнеркәсібінің өкілдері бәсекелестік үшін тең жағдай жасау мақсатында көміртекті реттеудің ішкі тетіктерін бейімдеу қажеттігін жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын 10 қазанға дейін жинап, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жолдау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ жақын арада ҚР Энергетика министрлігімен энергетикалық блок бойынша және ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен қаржылық блок бойынша жеке кеңестер өткізілетін болады. Жол картасы жобасы қазан айының соңына дейін Үкіметке енгізіледі деп жоспарлануда.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: