«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мектеп асханасындағы жағдай күрделенді: жаңа стандарттар бюджетке сай келмейді

2025 жылғы 06 Қазан
- Астана қаласы
3163 просмотров

Астанада мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға қатысты дау туындады. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жаңа стандарттар 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізілді. Алайда балаға бөлінген 714 теңге көлеміндегі қаржы шеңберінде оларды орындау мүмкін болмады.

Сауда және қоғамдық тамақтану республикалық қауымдастығы, 9 өңір мен елорданың 21 жеткізушісін біріктіретін ұйым, 100-ден астам мектепке қызмет көрсетіп отыр. Қауымдастық қалыптасқан жағдайды сындарлы деп бағалады.

Қауымдастық вице-президенті Марина Лаптева тамақтану құны шамамен 30 пайызға өскенін атап өтті.

«Бұрын біз мәзірді икемді түрде құрастыра алатынбыз, мысалы, сүт өнімдерін алып тастауға болатын. Ал енді стандарт мұны қатаң реттейді. Сүт тағамдарының саны екі есеге артты, ет мөлшері 71%-ға көбейді, ал жеміс-жидек аптасына тағы 100 граммға ұлғайды. Мұның бәрі балалардың денсаулығы үшін маңызды, бірақ 714 теңгеге сыйдыру мүмкін емес», - деді ол.

Оның айтуынша, Алматыда мәзір сынақтан өткізіліп, кері байланыс негізінде жетілдірілсе, Астанада ол толыққанды апробациясыз бекітілген.

Тамақтануды ұйымдастыру №598 бұйрықпен реттеледі. Жеткізушілермен шарттар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап конкурс негізінде жасалған, оған нақты мәзір қоса берілген. Алайда 24 қыркүйекте кәсіпкерлерге бұрын бекітілгеннен әлдеқайда қымбат жаңа нұсқа ұсынылды.

Білім басқармасы мектеп директорларына жаңартылған мәзірді міндетті түрде орындауды тапсырды және мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қосымша келісімшарттар жібере бастады. Жеткізушілер баға өзгермегендіктен, оларды қол қоюдан бас тартты.

Көптеген компаниялар ескі мәзір бойынша жұмысын жалғастыруда, бірақ қысымға тап болуда. Мектеп чаттарында шарттарды бұзу мүмкіндігі талқылануда, алайда білім беру ұйымдарының оған құзыреті жоқ.

Мәселенің ушығуына ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеткіліксіздігі себеп болды. Білім басқармасы жаңа талаптарды міндетті түрде орындауды талап етсе, Оқу-ағарту министрлігі оларды тек ұсынымдық сипатта енгізуді ұсынады. Бұл қайшылық құқықтық белгісіздік туғызып, мектептер, бизнес пен мемлекет арасындағы қарама-қайшылықты күшейтті.

Ұқсас қиындықтар өңірлерде де байқалды. Шығыс Қазақстан облысында балаға 722 теңге бөлінгенімен, жаңа стандарттарға көшу жүзеге аспады. Қарағанды және Ақтөбе облыстарында да осындай жағдай орын алды. Онда билік қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруда.

Білім басқармасы талдау жүргізіп, нәтижесін прокуратураға жолдады. Тексеру барысында сәйкессіздіктер анықталды. Сүт 150 граммның орнына 200 грамм берілген, ал сиыр етінің салмағы төмендетілген. Білім басқармасының Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Диана Амангелдіқызы мәзірді Денсаулық сақтау басқармасы бекітетінін айтты.

«Бағалар ресми статистикадан алынды, комиссия жұмыс істеді. Егер түзетулер енгізілсе, қайта есептеуге дайынбыз. Өзгерістер болмаса, бағаны арттыру туралы ұсыныспен мәслихатқа шығамыз», – деді ол.

Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Ақмарал Мақұлбекова жеткізушілер мемлекеттік сатып алу жоспарына өзгерістер енгізілмеген жағдайда ескі мәзір бойынша жұмысын жалғастыруға құқылы екенін айтты.

Астана қаласы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Ерлан Шакиров шарт талаптары тек тараптардың өзара келісімімен ғана өзгертілуі мүмкін екенін атап өтті.

Қалалық мәслихат депутаты Сәуле Самидин таңғы ас пен түскі ас құнын бөлек есептеу қажеттілігін көтерді.

«Таңғы асқа әрдайым түскі асқа қарағанда аз қаражат қажет. Бірақ сомалар бөлінбеген. Неге жаңа стандарттарды 1 қыркүйектен бастап енгіземіз, егер оларды тек тамызда бекітсек? Мұндай шешімдер уақыт пен мәслихатпен келісуді талап етеді. Ақыры өзіміз бизнес пен мемлекет арасында қақтығыс туғыздық», - деді депутат.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен баланың денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Ақмерей Саматова жаңа мәзірді әзірлеу тапсырмасы мамыр айында берілгенін, жұмыс Тамақтану академиясы және Денсаулық сақтау министрлігінің СЭС комитетімен бірлесіп жүргізілгенін, ал алғашқы нұсқа 19 тамызда бекітілгенін түсіндірді.

Отырыс қорытындысы бойынша Астана қаласының Білім басқармасына және білім беру ұйымдарына оқу орындары тарапынан жасалған қызмет көрсету шарттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды. Жаңа мәзірге көшу қолданыстағы шарттарға өзгерістер енгізу арқылы заңнамаға қатаң сәйкестікте жүзеге асырылуы тиіс.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға қатысты қолданыстағы шарттарға өзгерістер енгізудің заңдылығын тексеру және жаңа мәзірді енгізу кезінде уәкілетті органдар мен білім беру ұйымдарының әрекеттеріне құқықтық баға алу үшін Астана қаласы прокуратурасына ресми сұрау жолдайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174