«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» мен Chevron Қазақстандағы инвестициялар үшін жаңа басым бағыттарды талқылады

2025 жылғы 02 Қазан
1191 просмотров

«Атамекен» ҰКП-да Chevron Direct Investment Fund LTD компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар стратегиялық ынтымақтастық бағыттарын талқылап, бірлескен жобаларды дамытуда мақсатқа шоғырланған тәсілді күшейту қажеттіне назар аударды. Бұл отандық бизнес үшін Қордың инвестициялық жобаларына қатысуға қосымша мүмкіндіктер мен халықаралық технологияларға қолжетімділікті ашады.

ҚР ҰКП Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов бүгінде экспорттық әлеуеті күшті және қосылған құны жоғары салаларға назар аудару маңызды екенін атап өтті.

«Өңдеу өнеркәсібі, энергетика, сервис және аграрлық сектордағы басымдықтармен нақты стратегияларды белгілеу дұрыс болар еді. Біз үшін ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықтарда да әсері болатын жобаларды қолдап, стратегиялармен бөлісу маңызды», – деді ҰКП басшысы.

Оның айтуынша, бірлескен жобалардың негізгі критерийлері – экспорттық әлеует, технологияларды трансфертеу және ішкі нарықтағы құндылықтар үлесінің жоғары болуы.

Өз кезегінде Chevron реинвестициялық жобалар менеджері Джон Дорфилд компания жаңа кезеңде Қазақстандағы инвестицияларға деген көзқарасын қайта қарастырып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, елдің батыс өңіріндегі бизнесі мен мұнай-газ және мұнайхимия салаларындағы компанияларды қолдау бойынша жұмыстарды күшейту жоспарлануда.

Тараптар Қор қолдауына қол жеткізе алатын жобаларды іріктеу мәселелері бойынша кәсіпкерлерге арналған диалогты кеңейтуге  келісті.

Сонымен қатар, ҰКП өкілдері Қордың Қадағалау кеңесіне «Атамекен» өкілдерінің кіруін ұсынды. Бұл шешімкөптеген кәсіпкерлердің мүддесін ескеруге, сондай-ақ бастамаларды кеңірек қамтып, қаржының тек Батыс өңіріне бағытталу тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, Chevron тікелей инвестициялар қорының иелігінде  жаңа мүмкіндіктерге бағыттау үшін 158,5 млн доллары көлемінде капитал бар. Соңғы екі жыл ішінде 90 млн доллар көлемінде инвестиция салынған.

Анықтама үшін: Chevron Direct Investment Fund Ltd. (CDIF) – 2021 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығында (AIFC) тіркелген жеке компания. Бұл – Chevron корпорациясының Қазақстан экономикасына инвестиция салуға арналған құралы. Қор өндіріс, мұнай-газ секторы, экологиялық жобалар және ақпараттық технологиялар сияқты түрлі салалардағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жергілікті кәсіпорындарға инвестиция салады (жарғылық капитал 49%-ға дейін). Негізгі мақсаттар – жергілікті бизнесті дамыту, жұмыс орындарын құру, технологияларды трансфертеу және Қазақстан экономикасын қолдау.

Бекітілген механизмге сәйкес кәсіпкерлердің өтініштері www.cdif.kz онлайн платформасы арқылы Қордың басқарушы компаниясына түседі. Ол критерийлер негізінде алғашқы іріктеуді жүргізіп, әрі қарай ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жібереді. CDIF командасымен тікелей байланысып, болжамды перспективалар мен мүмкіндіктерді талқылау құпталады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174