«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодар облыстық «Атамекен» ӨКП директоры өңірдегі туризм саласын қолдауға шақырды

2025 жылғы 23 Қыркүйек
- Павлодар облысы
405 просмотров

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының жанындағы туризм және қонақжайлылық салалық кеңесінде осы саланы дамыту мәселелері, соның ішінде мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды. Отырысқа ӨКП «Атамекен» директоры Ерқанат Әбенов төрағалық етті.

Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Диас Жакенов ведомствоның туризм саласындағы кәсіпкерлерге үздіксіз қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың жеті түрі бар.

«Оның төртеуі жергілікті атқарушы орган деңгейінде жүзеге асады. Бұл – жол бойы сервистік нысандарды салу шығындарын өтеу, туристік қызмет нысандарын салу және қайта жаңарту шығындарының бір бөлігін өтеу, санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға субсидия беру, сондай-ақ туризм саласы үшін автокөлік сатып алуға кеткен шығындарды өтеу», – деді Диас Жакенов.

Ол санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған субсидиялар жергілікті бюджеттен бөлінетінін нақтылады. Басқарма талдау жүргізді: 2023–2024 жылдары бұл мақсатқа жыл сайын шамамен он миллион теңге қарастырылған. Ал жол бойындағы сервисті дамытуға қолдау республикалық қазына есебінен қаржыландырылады.

«2023 жылы гигиеналық тораптарды ұстауға субсидия беруге 1,6 млн теңге сомасына төрт өтінім түсіп, комиссия мақұлдады. Ол кезде туризм функциялары индустриялық-инновациялық даму басқармасында болғанын айта кетемін», – деп қосты спикер.

2024 жылы 2,9 млн теңге сомасына төрт өтінім берілген. Негізінен Павлодар облысында заманауи әжетханалар салуға субсидия алуға жанармай құю станциялары өтініш береді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

«Осындай бизнесті қолдау тетіктерінің бар болғаны жақсы. Бірақ, мүмкін, кейбір жерлерде сіздердің мүдделеріңіз ескерілмеген шығар. Әрине, кәсіпкерлерге қосымша қолдау шараларын ұсынуларыңызға болады», – деді ӨКП «Атамекен» директоры.

Ерқанат Әбенов мемлекеттік қолдау тек қаржылай емес, сонымен қатар кадр мәселесін шешу арқылы да көрсетілуі мүмкін екенін баса айтты. Яғни, кәсіпорындар мен турфирмалар қызметкерлерінің біліктілігіне байланысты мәселелерді шешу маңызды. Маман даярлау да үлкен тақырып, сондықтан оны талқылау қажет.

«Үлкен аумақтарды дамыту бағдарламасы жоспарлануда, оған сәйкес қаржы бөлінеді. Ол басым бағыттарды анықтау қағидасы бойынша жұмыс істейтін болады. Өкінішке қарай, туризм әрдайым сәл шетте қалып қояды», – деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Ерқанат Әбенов мемлекеттік орган басшысының орынбасарын туристік бизнесті қолдау шараларын талқылау барысында осы жұмысқа қосылуға шақырып, ӨКП «Атамекен» өз тарапынан қажетті ақпарат пен ұсыныстар беретінін жеткізді.

«Туризм «ұзақ» және жеңілдетілген қаржыны талап етеді. Бізде туристік маусым бар болғаны екі айға созылады. Осы уақыт ішінде демалыс үйлері барынша пайда тауып, егер несие қаражатын тартса, соны жауып үлгеруі керек. Ал біздің банктік өнімдер туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қаржыландыруға толықтай бейімделмеген», – деді Павлодар облысы «Атамекен» ӨКП директоры.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174