«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы: бизнес пен қоғам өкілдері ымыра іздеуде

2025 жылғы 21 Тамыз
1372 просмотров

Бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Өзгерістердің мақсаты – азаматтардың құқықтарын күшейту. Алайда бизнес өкілдері мен қоғамдық ұйымдар бірқатар түйінді мәселелер бойынша әлі ортақ пікірге келе алмай отыр.

Жақында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарының сарапшыларымен кездесу ұйымдастырып, өткір тұстарды талқылады.

«Кәсіпкерлер палатасы мен қоғам өкілдері жаңа заң жобасы бойынша көптеген мәселе төңірегінде келісімге келді. Дегенмен, кейбір баптарда, атап айтқанда, несиеге алынған сапасыз тауарды қайтару тәртібінде әлі де келіспеушіліктер бар», — деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Сауда департаментінің директоры Бақдәулет Ибраимов.

Кездесу барысында негізгі пікірталас сатып алушы сапасыз тауарды қайтарған жағдайда сатушының несие не бөліп төлеу бойынша пайыздарды өтеуге міндеттелуі туралы түзетуге қатысты өрбіді.

Сарапшылардың пікірінше, теңгерімді шешім табу аса маңызды. Бір жағынан, тұтынушылардың құқықтарын күшейту қажет болса, екінші жағынан бағаның өсуіне, алаяқтыққа және бизнеске әкімшілік қысымның артуына жол бермеу қажет.

Тараптар арасындағы диалог жалғасуда, ал оның нәтижелері ел экономикасы үшін айтарлықтай маңызға ие болмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174