«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

TikTok және бизнес: қазақстандық тәжірибелер жаһандық зерттеуде танылды

2025 жылғы 09 Маусым
- Астана қаласы
268 просмотров

Қазіргі заманғы digital-платформалар, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері үшін, іскерлік ортаның ажырамас бөлігіне айналды. Мұның айқын дәлелі – Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы «Атамекен» мен TikTok компаниясы бірлесіп жүргізген зерттеу. Зерттеудің мақсаты – TikTok платформасын бизнесті ілгерілету мен аудиториямен өзара әрекеттесу құралы ретінде тиімді пайдаланған қазақстандық кәсіпкерлердің табысты тәжірибелерін анықтау болды.

Жоба барысында бейне-контент мүмкіндіктерін өз кәсібіне сәтті бейімдеп, тұтынушылармен тұрақты байланыс орнатып, брендінің танымалдылығын арттыра алған кәсіпкерлердің кейстері жинақталды. Бұл – тек креативті тәсілдер емес, нақты нәтижеге жетелейтін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын толыққанды стратегиялар.

Зерттеу қатысушыларының қатарында «ImperiaDent» эстетикалық стоматология орталығының жетекшісі Жанат Қаппаров және «AB agency» агенттігінің негізін қалаушы Арайлым Бекмұратова бар. Олардың тәжірибесі TikTok-ты маркетинг пен репутациялық алға жылжытудың пәрменді құралы ретінде қалай тиімді пайдалануға болатынын айқын көрсетеді. Әрбір бейнеролик аудитория сенімі мен адалдығын нығайтуға бағытталған.

Зерттеу нәтижелері бойынша Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында жобаның қатысушыларына алғыс хаттар табысталды. Іс-шара барысында Палата директорының міндетін атқарушы Жеңіс Тайшытаев сөз сөйлеп, қазақстандық кәсіпкерлік үшін цифрлық шешімдердің маңыздылығына тоқталды.

«Кәсіпкерлердің цифрлық платформаларды тиімді игеріп, оларды нақты өсім нүктесіне айналдырып жатқаны бізді қуантады. Бүгінде TikTok – жай ғана креатив емес, бұл – стратегия, бедел және ауқым. Мұндай кейстер қазақстандық бизнестің икемділігі мен жетілгендігін, жаһандық өзгерістерге бейімделіп, халықаралық деңгейде өз орнын таба алатынын дәлелдейді», – деп атап өтті ол.

Палата өкілдері мұндай үлгілер digital ортаға енді ғана қадам басқан кәсіпкерлерге шабыт пен бағыт береді деген сенім білдірді. Мұндай бастамалар тек тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан кәсіпкерлігінің заманауи және озық келбетін қалыптастыруға үлес қосады – елімізде де, халықаралық деңгейде де.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер